Әшімбаев: Мұндай көркем туындыларды көптен күткен едік
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жақындажарық көрген «Абай» және «Әл-Фараби» телехикаялары туралы ойымен бөлісті.
Биыл еліміз ұлы даланың ұлық тұлғалары Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қолға алынған дүние екені белгілі. Осы бір атаулы жылды «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы тамаша түйіндеді десек, артық бола қоймас. Баршаңызға белгілі, мереке күндері еліміздің басты арнасынан «Абай» және «Әл-Фараби» атты жаңа телехикаялар қалың көрерменге жол тартты. Тәуелсіздік күніне тарту ретінде ұсынылған бұл туындылар отандық кино өндірісіне тың серпін берді деуге толық негіз бар. Өйткені, екі телехикаяның да сапасы, актерлер құрамының шеберлігі жоғары деңгейде - деді ол.
Ол мұндай көркем туындыларды көптен күткенін жеткізді.
Сол себепті, ерекше ықыласпен қарадық. Әсіресе, «Абайда» ойшылдың естеліктері арқылы сол кездегі қазақтың қилы тағдырына ерекше екпін берілгені көңілге қонымды болды. Осы жерде баршамызға Абай бейнесімен танылып кеткен актер Болат Әбділмановтың талантын айрықша атап өткен жөн. «Әл-Фараби» сериалы Әбу Насырдың бала күнінен әлемге аты мәшһүр ғұлама болғанға дейінгі өмірін суреттейді. Ұлы ұстаздың ғибратты ғұмыры, білім жолындағы қажыр-қайраты әсерлі көрсетілген. Бұл тарихи туындыны нағыз табандылықтың, ғылымға, өнерге деген құштарлықтың, Отанға, туған жерге деген махаббаттың озық үлгісі деуге әбден болады - деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы, кино өнері – адамның көзқарасына, жан-дүниесіне, моральдық құндылықтарына ерекше ықпал ететіні белгілі.
Соның ішінде, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Сондықтан осындай тағылымы мол дүниелерді зор қуанышпен қабылдап отырмыз. Оның үстіне, даланың дара данышпандары Әл-Фараби мен Абай тұлғасы – өмірлік өнеге мектебі екені сөзсіз. Оларды тану арқылы біз ұлт ретінде өзімізді тани түсеміз. Әл-Фараби мен Абайдың өсиеттері арқылы қоғамда білім культін берік орнықтыра аламыз. Ал, бұл қазіргі заманның ең басты талабы екені баршамызға мәлім. Сол үшін Qazaqstan Ұлттық Телеарнасының ұжымына алғысымызды білдіре отырып, ұлттық мүддені өрге жетелейтін осындай тың бастамалар мен жарқын жобалар көп болсын деп тілейміз - деді Сенат төрағасы.