Әшімбаев Конституцияда Тұңғыш Президентке қандай артықшылықтар берілетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда палата төрағасы Мәулен Әшімбаев журналистердің сұрағына жауап берді.

Сенат төрағасы Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты оның қандай артықшылықтары бар екенін түсіндірді.

Барлық экс-президентке берілетін артықшылықтар, мысалы, әлеуметтік жағынан қорғалуы, қауіпсіздігі – осының барлығы Тұңғыш Президентке де беріледі. Бұл жерде ешкімнің артық «привилегиясы» (артықшылығы – ред.) болмайды. Болашақта Қазақстанда бірнеше Президент болатын шығар. Яғни экс-президенттерге қолданылатын әлеуметтік жағынан қорғалуы, қауіпсіздігі сияқты нормалар бәріне бірдей жұмыс істейді. Бұл нормалар Конституцияда бар. Олар Тұңғыш Президентке де қолданылады, - деп айтты Әшімбаев.

Сөзінше, референдум қабылданғаннан кейін «Тұңғыш Президент туралы» заң күшін жояды. Өйткені ол Конституциялық заң.

Егер Конституцияда осындай заң керек деген бап болмаса, ондай заңдар өз күшін жояды, - дейді ол.

Мәулен Әшімбаев Конституцияда экс-президенттерге қандай артықшылықтар берілсе, солар Тұңғыш Президентке де берілетінін айтты. Сөзінше, мемлекет тарапынан басқа ешқандай артық мүмкіндіктер жасалмайды.

Мұның өзі де аз емес. Әлеуметтік қорғалуы, қауіпсіздігі, қоғамдық жұмыстарын қамтамасыз етуге арналған арнайы бап бар. Енгізілген өзгерістерге құқықтық негіз қалыптастыру үшін референдум туралы заңнан «Тұңғыш Президентке байланысты нормаларды референдумға шығаруға болмайды» деген нормаларды алып тастадық, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы