Әшімбаев: Кезінде ашаршылыққа қатысты құжаттар ғалымдар үшін қолжетімсіз болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды, сол арқылы ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қырылған халықты толық ақтауды тапсырған болатын.
Соның негізінде 11 жұмыс тобы құрылып, іске кіріскен еді. Бүгінгі тұсаукесері өткен «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» жинағы сол комиссия жұмысының алғашқы нәтижесі.
Кітап таныстырылымында сөз алған ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осы мәселеге арнайы тоқталғанын атап өтті.
Президентіміз ашаршылықтың әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келе жатқанына және құрбандарының саны туралы ортақ пайымның жоқ екеніне назар аударды. Соған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалада «Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек» деп нақты атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы бастама көтерген болатын, – деді Сенат төрағасы.
Соның аясында мемлекеттік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кетті.
Бүгінгі іс-шараның Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткізілуінің де символикалық мәні бар деп есептейміз. Кеңес үкіметі тұсында ашаршылыққа қатысты құжаттар мен деректер мемлекеттік құпия саналып, ғалымдар үшін қолжетімсіз болғаны белгілі, – деді Мәулен Әшімбаев.
Тәуелсіздік алған соң ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздың соқтықпалы, соқпақты жолдарына ерекше көңіл бөлінді.
Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тиісті зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде ашаршылық бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес, сол кездегі тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екені ашық айтылды, – дейді ол.
Дегенмен әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар.
Сол үшін аталған тақырыпты зерттеп-зерделеу мәселесі күн тәртібінен түспеу керек. Оның үстіне, биыл 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа – 100 жыл, ал, 30-жылдардағы екінші кезеңіне 90 жыл толып отыр. Осындай маңызды даталар аясында өткенімізді жүйелі түрде сараптап, тарихтан тағылым алудың терең мәні бар. Бұл бізге, ең алдымен, Тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет, – деді Мәулен Сағатханұлы.Бұған дейін Сенат төрағасы алапат қасіреттің салдарынан халқымыздың тең жартысы қырылғанын айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы