Әшімбаев: Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказ өңіріндегі маңызды серіктесі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда тараптар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және тағы басқа өзекті мәселелерді талқылады.

Палата төрағасы Грузиядан келген әріптесіне ілтипат білдіріп, бұл сапар парламентаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тың серпін беретінін айтты.

Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказ өңіріндегі маңызды серіктесі. Сіздің сапарыңыз біздің парламентаралық өзара іс-қимылымызды, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Соңғы жылдарда сауда-экономикалық саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік. Бұл біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың драйвері екені анық. Біз түрлі бағыттағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы міндеттерді іске асыруға Парламенттер тарапынан да ықпал ете аламыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар кездесуде туристік, көліктік-логистикалық және басқа да салалардағы ынтымақтасты арттыру мәселелері талқыланды.

Сенат спикері Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда іске асырылып жатқан кешенді әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға, сондай-ақ, Сенаттың заң шығару қызметіне де тоқталды. Атап айтқанда, жаңа экономикалық үлгі қалыптастыруға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға арналған шаралар туралы сөз болды.

Өз кезегінде Шалва Папуашвили көпжақты қатынастарды дамытуға мүдделі екенін білдіріп, Қазақстандағы саяси трансформацияның тиімділігін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы