Әшімбаев: Егер серіктестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек
Сенаттың жаңа жылдағы алғашқы отырысы өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылаумен басталды. Ресеймен шекарада қазақстандық кәсіпкерлердің өнімдерін тексеру мерзімінің ұзақтығы отандық өндірушілер үшін проблемаға айналып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл ретте ережелер барлық қатысушылар үшін бірдей болу керектігін айтып, осы түйткілге қатысты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті жедел тиісті шаралар қабылдауға шақырды.
Таяуда барлық әріптестеріміз өңірлерден оралды. Өзім де Атырау облысына барып, жергілікті тұрғындармен, кәсіпкерлермен және мәслихат депутаттарымен кездестім. Сондай кездесулердің бірінде кәсіпкерлер осы мәселені көтеріп, Ресейге тауарларын жеткізген кезде 15-20 күнге дейінгі мерзімді алатын ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық сияқты түрлі тексерістерден өтуге мәжбүр екендерін айтты. Олар осындай өнімдер біздің тарапқа келген кезде не үшін ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық және тағы да басқа бақылаулар тиісті деңгейде жүргізілмейтінін сұрайды. Негізі келісім екі жаққа бірдей. Егер біздің серіктестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек. Бұл – өзара теңдікке қатысты мәселе. Ең бастысы, біз өз азаматтарымыздың денсаулығын қамтамасыз етуіміз қажет, – деп, Мәулен Әшімбаев өңірдегі кәсіпкерлердің наразылығын жеткізді.
Палата Спикері мұндай мәселе жайдан-жай көтерілмейтінін, демек, қазақстандықтар осындай жағдаймен жиі кездесететінін атап өтті.
Осы мәселені өңірлердегі тұрғындар жиі көтереді. Бұл нені білдіреді? Бұл – мемлекеттік органдар тарапынан лайықты жұмыс жүргізілмейді немесе біз келісімнің шарттарын тиісті деңгейде орындамай отырмыз деген сөз. Егер кейбір жерде келісім талаптары өз деңгейінде орындалмай жатса, оларды іске асыру үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Мүмкін азаматтарға қажетті ақпараттар дұрыс жетпейтін шығар. Осы мәселені де назарға алып, заң аясында әрекет етуіміз керек, – деді Сенат Төрағасы.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аталған мәселенің өте өзекті екенімен келісіп, осыған байланысты бүгінде ахуалдық штаб құрылғанын, шекараларда көшпелі іс-шаралар өткізілетінін және алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты күшейтетінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгін Палата отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға арналған.
Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа кедендік шекарадағы мемлекеттік бақылау мәселесіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.