Әшімбаев: Біз өзімізді өзіміз алдамай, нақты жағдайды көрсетуіміз керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының бастамасымен Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығы құрылды. Бүгін аталған орталықтың алғашқы отырысы өтіп, онда бизнесті қолдауға және дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есеп тыңдалды.
Отырысқа Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, «Атамекен» ҰКП-ның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдері, Nur Otan партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері, бизнес қауымдастық өкілдері мен белгілі сарапшы мамандар қатысты. Одан бөлек видеоконференц байланысы арқылы барлық облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті кәсіпкерлер және жоғарыда аталған қоғамдық кеңестің аймақтық өкілдері де қатысты. Іс-шараны Nur Otan партиясы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізіп отырды.
Сөз басында Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының кезекті XVIII съезде берген тапсырмасына назар аударып, оны орындау үшін партия жүйелі жұмысты бастап кеткенін айтты.
«Елбасы маңызды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына қоғамдық бақылау жүргізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстардың мақсаты партияның мемлекеттік органдардан есеп талап ету емес, керісінше бағдарламаларды тиімді әрі уақытылы жүзеге асыруға ықпал етіп, еліміздің стратегиялық құжаттарында көрсетілген тиісті шараларды қолға алу. Осындай тыңдаулардың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан басталғаны да тегін емес. Өйткені ел экономикасы мен халықтың әл-ауқаты кәсіпкерлікпен тікелей байланысты», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, ол аталған тыңдаулардың жаңа форматта өткізіле бастағанын тілге тиек етіп, көтерілген тақырыптың ашық талқыланатынын атап өтті. Осы ретте тыңдаулар әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетілетінін айта кеткен жөн. Сол арқылы талқылауға кез келген азаматтың қатысып, өз пікірін білдіруіне мол мүмкіндік бар.
Сонымен бірге, партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай тыңдаулардың нәтижесінде ұтымды ұсыныстар дайындалатынын жеткізді.
«Осындай тыңдаулардың қорытындысы бойынша партия жанынан құрылған жаңа Орталықпен бірге бірқатар ұсыныстар дайындап, оны елдің басшылығы мен Үкіметке жолдаймыз. Сондықтан бүгінгі талқылаулар нақты ұсыныстар даярлауға өз септігін тигізіп, еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытуға тың серпін береді деп сенемін», - деді Мәулен Әшімбаев.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты – аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерімді өсуін қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтау және жаңа қызмет орындарын ашу. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тұңғыш Президентіміздің өткен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін айтып, тиісті орындарға нақты тапсырма бергені белгілі.
Қазіргі таңда осы бағытта айтарлықтай жұмыстар қолға алынып, олар игі нәтижелерін беруде. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кеңінен айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық әсері зор. Атап айтқанда, 2015-2018 жылдар аралығында бағдарлама аясында 210,1 млрд теңге қаражат бөлініп, соның нәтижесінде 13 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілген. Одан бөлек, жыл сайын 10 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 20 мың азамат кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы оқыту курсынан өткен. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде бағдарлама арқылы орта есеппен 3,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, қазынаға жылына 175 млрд теңге салық төленген.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП-ның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов аталған бағдарламаның отандық кәсіпкерліктің дамуына тың серпін бергенін айтты. Оның айтуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бері бағдарламаның төртінші бағыты – кәсіпкерлікті қаржысыз қолдау шараларының басты үйлестірушісі болып келеді. Соған сәйкес ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолданыстағы бизнеске қызметтік қолдау көрсету, моно және шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, «Бизнес-мектеп», «Іскерлік байланыстар», «Аға сеньорлар», «Бизнес насихат» сияқты нақты 6 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.
Ал Nur Otan партиясы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының директоры Рахым Ошақбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезіндегі кейбір олқылықтарға тоқталды.
Сонымен қатар, іс-шарада Мәжіліс депутаты Альберт Рау, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Кәсіпкерлер форумы» қауымдастығының төрағасы Раимбек Баталов, «Azala Textile» ЖШС-ның директоры Гүлнәр Садықбекова және тағы басқа бірқатар мамандар сөз алып, бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін арттыруға қатысты ойларымен бөлісті.
Іс-шараны қорытындылаған Мәулен Әшімбаев бұл партияның Елбасының қоғамдық бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстарының басы ғана екенін айтып, алдағы уақытта осындай тыңдаулардың жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ ол бүгінгі талқылаудың еліміздегі бизнес пен шағын және орта кәсіпкерлік саласында бірқатар мәселенің бар екенін көрсетіп бергеніне көңіл бөлді.
«Біз көтеріп отырған тақырыпқа қатысты мәселелердің кем дегенде екі деңгейі бар. Бірінші деңгей бағдарламаның тиімділігіне қатысты. Яғни аймақтарда орындалу барысы мен олардың сапасында, несиелерді бизнес субъектілерінің көбірек алуын қамтамасыз ету мен өңірлерге бөлу ісінде оң шешімді қажет ететін тұстар бар. Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде басқа да мәселелердің бар екенін көріп отырмыз. Мәселенің екінші деңгейі жалпы Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына қатысты. Мұнда да несиелеудің жетіспейтінін, дайын өнімді әрі қарай өткізудің машақатын көріп отырмыз. Кәсіпкерлерімізде елімізден тыс жерде де нарық болу керек. Сондықтан қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қолға алуымыз қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары есепке алу, статистика жүргізу жұмыстарын жетілдіру жайына тоқталды.
«Біз өзімізді өзіміз алдамай, нақты жағдайды көрсетуіміз керек. Қазір біз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Ол жерде мәселені нақты анықтап, оның шешу жолдарын қарастыру маңызды. Ол үшін бізге дұрыс статистика керек. Сондықтан партия осы бағытта белсенді жұмыс істейді», - деді Мәулен Әшімбаев.
Сөз соңында ол партияның мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүдделі барлық тараппен жұмыс істеуге дайын екенін айтып, бүгінгі талқылаудың нәтижесінде Үкіметке арнайы ұсыныстар жолданатынын жеткізді.
Айта кетейік, партия жанынан жаңадан құрылған Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының негізгі мақсаты Үкімет пен азаматтық қоғам арасында тиімді кері байланысты қалыптастырып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін және халықтың содан көріп отырған пайдасын анықтау. Соған байланысты нақты жоспар дайындалған. Ол бойынша жыл соңына дейін 8 мемлекеттік бағдарлама мен 4 ұлттық жоба қарастырылмақ. Аталған жұмыстар жалпыға қолжетімді түрде жүргізіліп, әлеуметтік желілерде тікелей таратылады.