Әшімбаев: Әз-Наурыз – қуаныш пен шаттықтың, жаңару мен жаңғырудың мерекесі
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды әз-Наурызбен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті достар! Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – қуаныш пен шаттықтың, жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Тереңнен тамыр тартатын бұл мейрамды жақсылық пен жасампаздыққа ұмтылудың нышаны деп қабылдаймыз. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық құндылықтарымыз төрге шығып, салтымыз бен дәстүріміз дәріптеледі, - деді Сенат спикері.
Әшімбаев атап өткендей, халқымыз Наурыз айын жылдың басы деп қашанда ерекше көңіл-күймен қарсы алған. Осы күндері ағайын-туыстың басы қосылып, бұлақтың көзін ашу, ағаш отырғызу сияқты ізгі амалдар жасалған. Мұның бәрі – елдің ырысын арттырып, ынтымағын нығайтатын, ұрпақты татулық пен тазалыққа үндейтін игі істер.
Осындай тағылымы зор, өнегесі мол мерекеде әр шаңыраққа амандық пен бақ-береке тілеймін! Әз-Наурыздағы ақжарма тілектер қабыл болсын! Жыл жақсылығымен келсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын! – деп құттықтауын жолдады ол.