Әшімбаев: Айтматов – халықаралық ауқымдағы жазушы және әлемдік әдебиеттің феномені
Қырғызстанға сапары аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламенті Сенаты делегациясының мүшелері Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиын барысында Мәулен Әшімбаев ұлы жазушының шығармашылығын екі халықтың «алтын көпірі» деп атады. Сенат Төрағасы алып тұлға әлемдік әдебиет тарихында гуманизмнің және адамгершілік құндылықтардың символы ретінде үлкен құрметке ие екеніне назар аударды. Ш.Айтматовтың шығармалары адамның ізгі қасиеттерін және тұлғаның бақытқа, бостандық пен әділеттілікке деген ұмтылысын дәріптейді.
Шыңғыс Айтматов – халықаралық ауқымдағы жазушы және әлемдік әдебиеттің феномені. Оның шығармалары гуманизмнің, адами асыл қасиеттердің және адамгершіліктің жарқын көрінісі. Шыңғыс Төреқұлұлы көпшілікті алаңдатқан іргелі мәселелерді қозғап, әрдайым назар аударып отырды. Олар қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әсіресе бүгінгідей моральдық құндылықтар құнсызданған, популизм, фейк, жалған дүниелер белең алған кезеңде олардың маңызы арта түскені анық, – деді Палата спикері.