Әшімбаев ауруханада жатқан Әбдіжәмілдің көңілін сұрады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жағдайын біліп, ауруханаға арнайы барып шықты.
Кеше Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз жатқан ауруханаға арнайы барып, қаламгердің көңілін сұрап шықтым. Халін біліп, қасында біраз әңгімелесіп отырдым, - деп жазды ол.
Әбекеңнің денсаулығы жаман емес. Дегенмен, соңғы кезде болған қайғылы жағдай ағамызға ауыр тигені анық. Ажар апамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.
Осыдан бірнеше күн бұрын ағамыз 96 жасқа толды. Жалпы, Әбдіжәміл аға маған қажыр-қайрат пен ерік-жігердің символындай көрінеді. ХХ ғасырда халқымыздың басынан небір қиындықтар өтті. Соның бәрі Әбекеңе де аз зардабын тигізген жоқ. Соғыс жылдарында ағамыз қан майданның қақ ортасында жүрді. Одан кейінгі қиындықтарды да көрді. Қайсарлық пен қажырлықтың озық үлгісін көрсетіп, әдебиетке аянбай еңбек етті. Мәдениетіміз бен руханиятымызға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ әдебиетінің нағыз классигіне айналды. Кейде Әбдіжәміл ағаға қарап, халқымыздың өткен ғасырдағы шежіресін көргендей боламын. Шын мәнінде, Әбекеңнің өзі де, сөзі де, жазған дүниесі де тарих. Соңына мол мұра қалдырып, ғасырмен, уақытпен өз есебін тапқан, қазақ әдебиетінің алыбы әрі абызы болған Әбекеңе мықты денсаулық, амандық тілейміз. Жасай беріңіз, ардақты Әбе! - деп жазды Әшімбаев.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы