Әшімбаев: Әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – төтенше жағдай
Бүгін Палата отырысында резервтегі әскери қызмет туралы заңды қарау барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан армиясындағы резервтегілердің құқықтарына және оларды әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың сөзіне қарағанда, егер резервтік әскери қызметтегілер жаттығулар кезінде жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалса, оларға өтемақы мемлекетімізде бар нормалар бойынша төленеді. Ал, әскери қызметшілер, офицерлер осындай жағдайға тап болса, оларға төленетін төлемақы басқа жүйемен жүргізіледі.
Сенат Төрағасы осы мәселеге баса мән беріп, бұл бағытты әлі де пысықтау қажет екенін айтты.
Егер резервистер әскери жаттығулар, яғни 60 күннің немесе ай сайын баратын екі-үш күннің ішінде жарақат алса, оларға өтемақылар неге әскери қызметшілерге төленетін төлем деңгейімен берілмейді? Олар өз үйінде емес, жұмысында емес, сол әскери жаттығулар кезінде жарақат алса, логика қайда?! Сондықтан осы мәселені тағы да пысықтау керек. Заң қабылданып, әрі қарай іске асырыла бастағанда, болған жағдайлардың бәрін назарға алып, мұқият зерделеу қажет. Әрине, офицерлер ондай жағдайларға жеткізбеуге тиіс. Соған сенеміз. Өйткені, әскерде мүгедек болып қалатындай ауыр жарақат алу – нағыз төтенше жағдай. Дегенмен, өмір болған соң әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Сол себепті, бәрін ескеруіміз керек. Өйткені бұл – әлеуметтік маңызы зор мәселе, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында Палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екі оқылымда қарап мақұлдады.
Заң Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды резервтік күштермен қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.