Әшімбаев: Ахаңның тойы – Алаштың абыройы, халқымыздың мерейі

Бүгін киелі Торғай төрінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы өтті. Бұл  туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды.

Бұл игі іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айрықша назарында екені белгілі. Соған байланысты Президентіміздің тапсырмасымен Ахаңның тойын елмен бірге атап өту үшін өңірге арнайы келдік.

Ахмет Байтұрсынұлы – халқының санасына сәуле шашқан қаламгер, елін еркіндікке жетелеген қайраткер, ұлтын оқу-білімге шақырған ұстаз. Ол әр қазақтың білімді, күшті, ауқаты болғанын қалап, сол жолда бар күш-жігерін жұмсады. Алашқа «Қырық мысалымен» үн қатып, халқын «Маса» болып оятуға талпынды. Газет шығарды, төл әліпбиімізді жасады, оқулықтар жазды. Соның бәрінде қайраткер тұлға қазақтың заман көшінен қалмауын көздеді. Сондықтан ардақты арысымызды ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу – баршамызға ортақ міндет, - деді Мәулен Әшімбаев.

Ахмет Байтұрсынұлының саяси қайраткерлігі бір бөлек. Ол ұлт көсемі Әлихан Бөкейханмен және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының басында тұрды. Қазақтың тәуелсіздігін аңсаған арыстармен тізе қосып еңбек етті. Олар қысым мен қудалауға, жала мен жазаға қарамастан ұлттық мүддеге деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Бүгін өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз алған белгілі зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері осы жайттарға кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ мерейтой аясында Торғай ауылында осы топырақтан түлеп шыққан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған ескерткіш ашылды. Екі арыстың әдеби музейі мен Ахаңның музей-үйі де көпшілікке таныстырылды. Осы ретте жыл басынан бері ұлт ұстазының мерейтойына орай ауқымды жұмыс атқарылғанын, елдімекендерге, көшелерге, нысандарға есімі беріліп, 12 томдық шығармалар жинағы жарық көргенін атап өткен жөн.

Ахаңдардың тұсында етек-жеңді жиып, еркін ел атану басты арман болса, қазір сол елдікті, мемлекеттілікті, тәуелсіздікті сақтау, нығайту – негізгі міндет. Осы тұрғыдан келгенде, Алаш қайраткерлерінің ұстанымдары, Ахмет Байтұрсынұлының өсиеттері бізге темірқазық болуға тиіс. Біз бұл тойдан осындай өнеге алуымыз керек.

Жалпы Торғай халқы ешқашан қазақы қалпын бұзбаған, кешегі тар заманның өзінде ұлттық болмыстан таймаған. Бұл мекен Алаш рухын тербеткен елдіктің еңселі ордасы деп нық сеніммен айта аламыз. Сондықтан Торғайдың қазақ үшін қадір-қасиеті ерекше. Біз мұны әрдайым жадымызда сақтап жүреміз, - деді ол.

Қазіргі таңда өңірді одан әрі дамыту маңызды мақсат-міндеттердің бірі. 

Торғайды түлетуге Мемлекет басшысы үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл ретте Ахаңның тойы да аймақтың жандануына тың серпін бергені сөзсіз. Алдағы уақытта бұл бағытта әлі талай жұмыс атқарылады. Сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен мұрасын дәріптеу ісі де жалғаса береді.

Шын мәнінде, Ахаңның тойы – Алаштың абыройы, халқымыздың мерейі. Ендеше той құтты болсын! Мерейіміз әрқашан үстем болсын! Ұлт ұстазының мұрасы халқына қызмет жасай берсін!, - деді Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы