Асхат Шахаров: Жайлы мектептер орта білім берудің сапалы экожүйесін қалыптастыруы тиіс

Облыс әкімі Асхат Шахаров педагогтерді келе жатқан оқу жылымен құттықтап, өңірдегі білім беру саласының дамуына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет тарапынан білім берудің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрі жасалуда. Білім саласын қаржыландыру көлемі 250 млрд. теңгеге дейін немесе жалпы облыс бюджетінің 60 пайызына дейін өсті. Мұғалімдердің жалақысы едәуір артты, мектеп асханаларында балаларға тегін тамақтану ұйымдастырылды, білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Облыс әкімдігі жұмыс істеп тұрған білім беру ұйымдарын жарақтандыру және жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді және қажетті қаражатты уақытылы бөлуде. Біз күрделі жөндеу, апатты және үш ауысымды мектептерге қатысты мәселелерді жүйелі түрде шешеміз. Бастысы, әр педагогтен өз міндеттерін сапалы орындау талап етіледі. Мұғалімдер жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауы керек. Оқу орындары баланың білімі үшін ғана емес, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін де жауап береді. Біз Мемлекет басшысының сапалы адами капиталды қалыптастыруға қатысты жүктеген міндеттерін бірге орындауға тиіспіз, - деген өңір басшысы облыс педагогтерінің алдындағы міндеттерін айқындап берді.

Асхат Шахаров «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға айырықша назар аударды. Бүгінде өңірде 13 150 орындық 14 «Жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр.

Қазірдің өзінде құрылыстың аяқталғанын күтпей, осы мектептерде жұмыс істейтін сапалы мамандар дайын болуы тиіс. Бұл – өте маңызды міндет. Жұмыс бүгіннен басталуы қажет. Әрбір мектеп өзінің даму стратегиясын даярлауы керек. Онда мұқият зерделенген оқу жоспары мен Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім инновация лицейлерінде қолданылатын апробациядан өткен әдістемелерді пайдалану, нақты академиялық шыншылдыққа негізделген мектепішілік бақылау жүйесін қалыптастыру мәселелері де қарастырылуы тиіс. Сонда ғана жайлы мектептер инфрақұрылым жағынан да, мазмұны жағынан да орта білім берудің сапалы экожүйесін құруда өз міндетін атқарады, - деп атап өтті облыс әкімі.

Оқыту сапасын арттыру туралы айта келе, облыс әкімі оқушылардың білім жетістіктерін халықаралық бағалау (PISA) нәтижелері бойынша Ақтөбе облысы математикалық және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы жағынан ең үздік өңірлердің қатарына енгенін алға тартты. Мұндай нәтиже қуантатыны сөзсіз. Алайда, өңір мектептеріндегі үлгерім деңгейін теңестіру керек. Бұл мақсатта облыстың білім саласын дамытудың нақты Жол картасы әзірленген, оны іске асыру үшін алдағы уақытта біршама жұмыс істелуі тиіс. Сондай-ақ, Асхат Шахаров балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды тапсырды және бұл міндетті педагогтерге жүктеді.

Тамыз кеңесі барысында облыстың 1200 педагогі білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын цифрландыру және енгізу мәселелерін, сондай-ақ оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны құрудың жаңа тәсілдерін талқылады.

Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар туралы айтып берді, ал Ақтөбе облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева былтырғы оқу жылын қорытындылап, жаңа міндеттерді белгіледі.

Пленарлық отырыс жұмысына цифрлық технологиялар саласындағы сарапшылар, атап айтқанда, Unicef Giga/DPG консультанты Бағдад Құлназаров, Knowledge Engineering компаниясының басшысы және негізін қалаушы Нартай Әшім, «Креативті бастамалар мен мәдени мұра қоры» қоғамдық қорының құрылтайшысы, креативті экономиканың ұлттық сарапшысы Дина Әбдірахмет және басқалар қатысты. Шақырылған қонақтар білім беру процесіне цифрлық технологияларды енгізу және оқу орнында инклюзивті орта құру үшін жасанды интеллектті пайдалану тәжірибесімен бөлісті.

Шара аясында ерекше көзге түскен педагогтерді өңір басшысы «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім үздігі» төсбелгілерімен марапаттады. Білім беру саласының ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медалі, бірқатар педагогке облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Бес оқу орны «Орта білім беретін үздік ұйым» ретінде гранттарға ие болды. Олардың қатарында М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, №17 гимназия, Қобда қазақ орта мектебі, Мұғалжар ауданы №4 Қандыағаш жалпы орта мектебі және Хромтау ауданы Дөң мектеп-гимназиясы бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы