Асхат Рахымжанов: Кейбір партияларда бизнес мүддесі халық мүддесінен жоғары тұр
Саяси партиялар ең алдымен қарапайым халықтың, еңбек адамының мүддесін қорғауы тиіс.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов еліміздегі кейбір саяси партияларда ірі бизнес өкілдерінің ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол партияның Астанада өткен кезектен тыс XXV съезінде мәлімдеді.
Рахымжановтың пікірінше, саяси партиялар ең алдымен қарапайым халықтың, еңбек адамының мүддесін қорғауы тиіс.
Қазір кейбір саяси партиялардың басшылығына ірі бизнес өкілдері келіп жатыр. Бизнес мүддесі басымдыққа ие болған кезде, қарапайым халықтың, еңбек адамының мүддесі қорғалады деуге күмән туады, - деді ол.
Сондай-ақ ЖСДП төрағасы заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру, прокуратураның саяси ықпалдан тыс жұмыс істеуі және мемлекеттік сатып алулардың барынша ашық болуы маңызды екенін айтты.
Конституция қабылданды. Енді оның нормалары заңдар мен кодекстерде нақты көрініс тауып, іс жүзінде орындалуы керек. Азаматтық қоғам әділдікті сезінуі тиіс,– деді Асхат Рахымжанов.
Оның айтуынша, мемлекеттегі ашықтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес қоғамның билікке деген сенімін арттырудың басты тетіктерінің бірі болуы қажет.