Асхат Оралов түркістандықтармен кездесті

 Мәдениет және спорт министрі Асхат  Оралов Түркістан халқымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесу барысында министр еліміздің мәдениет, өнер және спорт саласындағы жетістіктеріміз бен алдағы уақытта атқарылатын біршама жұмыстарға тоқталды.

Министр бұл жолы киелі шаһарға жасаған іссапарының жөні бөлек екенін де жеткізді. 

Сонау қиын-қыстау, күрмеуі күрделі Кеңес өкіметі кезеңнің өзінде ұлт руханиятына ұстын болып, ел мәдениетінің еңселенуіне талмай еңбек еткен тарлан тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің туған топырағына ізін басып, ісін жалғап арнайы ат басын бұрып отырмыз. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып» қызмет ететін осы шақта Алаш арыстарын ақтап, Тайқазанды Түркістан төріне қайтарған, Наурызымызды тірілтіп, жәдігерлерімізді жаңғыртқан Өзбекәлі атамыздай аңыз тұлғалардың ғибратты ғұмыр жолынан біз ешқашан адаспауға тиіспіз, - деді министр.

Былтыр елімізде белгілі тұлғалардың мерейтойлары кеңінен аталып өткен еді. Мұндай іс-шаралар биыл да жалғасады. Атап айтар болсақ,  жырау Жамбыл Жабаев пен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған «Жамбыл. Жаңа Дәуір» сондай-ақ «Соңғы үкім» кинокартиналары жарық көреді.

Одан бөлек, қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, ұлы күйші-композитор, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы және де көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық кең көлемде аталып өтіледі. Сондай-ақ, ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың және күйші Оразбек Сәрсенұлының 100 жылдық мерейтойлары да назардан тыс қалмайды.  

Министр, мәдениет саласының майталмандары мен архившілерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шараны қабылдағанын да жеткізді.

2022 жылдан мәдениет, архив ісі ұйымдарының барлық санаттағы қызметкерінің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп, нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ды құрайды. Еліміздегі «Ұлттық» статусына ие 5 мәдениет саласындағы ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы 75% артты. Биыл бұл тізімнің санын арттыру жоспарда бар. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия 20-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерінің ел идеалогиясы мен жаңғыруында орны айрықша екенін атап өтіп, жиырма жылдан астам уақыт бойы берілмей келген «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтаруды тапсырды. Бұл мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды және қуантарлы жайт деп есептеймін. Әртіс үшін бұл марапат – халықтың бағасы мен батасынан бөлек, шығармашылығының жоғарғы деңгеде мойындалуы деп санаған дұрыс, - деді Асхат Оралов.

Министр мәдениет саласындағы инфрақұрылымға да тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған.Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары қабылданды. Биылғы жоспар бойынша – 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде, Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстары көзделіп отыр.

Сондай-ақ,  мәдениет және өнер саласында «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жалғастыратынын айтты.

Кедесу барысында Асхат Оралов спорт саласындағы мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Елімізде 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар, спорт саласындағы білікті мамандарды даярлау мақсатында 2000 жылдардың басынан бері құрылысы тоқтап қалған Олимпиадалық жаттығу орталығы қайта қолға алынды. Олимпиадалық жаттығу орталығы осы жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталады.

Сондай-ақ Парижде өтетін 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына да дайындық басталған. Соған орай «Париж-2024» дайындық бағдарламасы да бекітілген.

Жалпы, Ұлттық құраманың жоғарғы дәрежедегі дайындығын қамтамасыз ету мақсатында былтырдан бастап заманауи жабдықтар сатып алынды. Осы жыл Олимпиадаға дейінгі маңызды жыл екендігін ескере отырып, бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады.
Спорттық медицинаны жаңғыртпай, инновациялық технологияларды енгізбей, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңартпай, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды көбірек өткізбей жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Бұл бағытта кешенді ғылыми топтар құру, ұлттық құрама командаларды спорт дәрігері, травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорт психологтары, массажистер және өзге де мамандармен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда,- деді министр.

Асхат Оралов Түркістан жұртшылығына еліміздің туризм саласында жеткен біршама жетісітіктері мен алда атқарылар жоспарларын да тілге тиек етті.

Әсел Әбілбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы