Асхат Аймағамбетов Жолдауда көтерілген 6 мәселені атады
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Президенттің халыққа арнаған Жолдауында көтерілген маңызды мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат Аймағамбетов өз жазбасында Президент берген бірнеше тапсырмасына тоқталып өтті.
1. Дебюрократизация.
Мемлекеттік аппарат жұмысының тәртібі мен ережелерін өзгертпейінше, басқа шаралар мен бастамалардың бәрі де нәтиже бермейтіні анық. Өзіңіз ойланып көріңізші, министрдің бір бұйрығын қабылдау үшін бір жылға жуық уақыт кетеді. Неге дейсіз ғой? Өйткені әртүрлі деңгейдегі 20-30 мекеменің келісімін алу керек. Ал олардың ешқайсысы өзіне жауапкершілік алмайды да. Осыдан кейін қандай тиімділік туралы айтамыз? Жедел шешім қабылдау жайына қалады. Сондықтан да қабылданған Жарлықта және осы Жолдауда да бұл бағытта тиісті тапсырмалар берілді, - деді депутат.
2. Министрлер мен басқа да басшылардың жеке жауапкершілігін белгілеу бойынша.
Шын мәнінде, бұл Үкімет деңгейінен министрлер, әкімдер деңгейіне және басқа деңгейлерге құзыретті беру реформасының жалғасы. Мәселен, салалық мәселелер Үкімет қаулысы деңгейіне көтерілмей, министрлердің өз бұйрықтарымен шешілуі керек. Осы өзгерісті енгізудің арқасында кейбір құзыреттерді үйлестіру және шешім қабылдау жылдам жүреді. Сонымен қатар әр жеке тұлғаның нақты жауапкершілігі бекітіледі, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
3. Мемлекеттік сатып алу мәселелері.
Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысы нақты бағыттарды айқындады. Қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімді емес екенімен бәрі де келіседі. Тұрғын үйлер, жол құрылысының сапасыздығы, пайдаланылмай жатқан қаражат, үздіксіз сот процестері, ұзақ рәсімдер, осының барлығы мектептердің, ауруханалардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың уақытылы жөндеуге үлгермеуіне әкеліп соғады. Бұл тендермен байланысты проблемалардың толық тізімі емес. Менің ойымша, жаңа заң жобасы аясында Жолдау тапсырмаларын жүзеге асыруда бұл кемшіліктер жойылады, - деп атап өтті ол.
Осы олқылықтарды жою үшін сонау маусым айында біз арнайы заң жобасын дайындап, Үкіметке пысықтауға жолдап едік, алайда олардың тарапынан қолдау болмады. Енді Президенттің тапсырмасынан кейін бұл жұмыс нәтижелі болады деп сенемін.
4. AI-жасанды интеллектіні дамыту, соның ішінде деректер орталықтарын құру, оқыту және басқа да шаралар шынымен өзекті. Қазақстан – IT-елге айналуы тиіс.
5. Балалардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту, Yandex Taxi, Wolt және басқа да цифрлық платформаларды пайдалану арқылы жұмысқа орналасқан жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, 55 жастан асқан және қауіпті өндірісте жұмыс істейтін адамдарға арнаулы әлеуметтік жеңілдіктер енгізу мәселелері де аса маңызды. Мемлекет басшысының өзге де әлеуметтік бастамалары бойынша біздің комитеттің депутаттары тиісті жұмыстарды жүргізеді.
6. Барлық өңірдегі азаматтармен кездесулерде бірдей мәселелер көтерілді. Бұл шарықтаған инфляция, сапасыз ауыз су, газ жетіспеушілігі, жайсыз жолдар. Жолдауда осы жүйелі мәселелердің шешімі де көрініс тапты.
Тоқ етері. Міндеттер қойылды. Қазір олардың сапалы және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету маңызды, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.