Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Министрлер есептерінің жаңа форматы аясында халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Сонымен қатар бірқатар ауданның білім беру ұйымдарын аралап, білім бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді.

Таңертеңнен бері Түркістан облысындағы алты  ауылға барып, жеті мектептің жұмысымен таныстым. Соның ішіндегі екі мектеп басшысының жұмысына төмен баға беруге болады. Өз құзыреттеріндегі міндеттерін орындауына және қажетті жұмысты ұйымдастыруларына қатысты сұрақтар бар. Сондай-ақ мектептердің біріндегі кітапханашыға «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша атқарып жатқан жұмысы үшін алғысымды айттым. Тағы екі мектепте осы жоба бойынша жұмыс тиісті деңгейде орындалып отырған жоқ. Мектеп басшыларының аттестациядан өту мерзімі өтіп кетсе де, кейбір облыс аудандарында 5 жылдан астам уақыт бойы аттестация өткізілмеген. Осы облыстың басқа да білім беру ұйымдарының жұмысымен танысамын, - деді Асхат Қанатұлы.

Жиынға облыстың 500-ге жуық тұрғыны қатысты. Үш сағатқа созылған басқосуда  ата-аналар, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйым өкілдері, білім саласының қызметкерлері мен журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

ҚР Оқу-ағарту министрі өз кезегінде барлық қойылған сұраққа жан-жақты және нақты жауап берді. Олар мектеп директорларын ротациялау, білікті педагогтарды еліміздің төрт облысына тарту, балабақшаларды лицензиялау, білім беру ұйымдарындағы штат, инклюзивті білім беру, білім беру үрдісіндегі тәрбие сияқты түрлі тақырыптарға қатысты болды.                                               
Халықпен есеп беру кездесуінен кейін бірқатар тұрғындарды министр жеке қабылдады.

Азаматтарды қабылдаудан кейін Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілдерімен, сондай-ақ облыстағы колледж басшыларымен кездесу өткізді.

Әр кездесу сайын әріптестерімнің сұрақтарының мазмұны мен бағыты өзгеріп жатқанын байқап жүрмін. Мәселен, кеше ғана білім басқармаларының бұрынғыдай аудан әкімдіктеріне емес, облыстың білім басқармаларына қарасты болуының оң әсерін атап өтті. Бұл бірден ауқымды проблемаларды шешуге мүмкіндік берді. Мысалы, мұғалімдердің тікелей міндетінен тыс функцияларға жиі араласуы. Әріптестер бұрын өздерінің түрлі іс-шараларға қатысып, негізгі жұмыстарынан алшақтап қалатын кездерін еске алды. Қазір жағдай мүлде басқаша, себебі педагогтер заң бұзылған жағдайда құқықтары қорғалатынын біледі. Өйткені білім бөлімдері қазір білім беру мәселелерімен тікелей айналысад, - деді Оқу-ағарту министрі.

Сапар барысында білім беру ұйымдарындағы тамақтану және баға саясатын қалыптастыру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары, әдістемелік кабинеттердің жұмысы, колледж студенттерінің жатақханасын күтіп ұстау, арнайы пәндерді оқыту, оқу жүктемесі мәселелері талқыланды. Нормативті құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін ұсыныстар да айтылды.

Жиын соңында Асхат Қанатұлы  кездесуге  қатысқан барша тұрғындарға уақыт бөліп, білім саласына бей-жай қарамағандары үшін алғысын білдірді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы