Асхат Аймағамбетов оқушыларға хоббиі туралы айтып берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін оқушылардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Дарынды оқушының бірі министрден қандай қызығушылығы бар екенін сұрады.
Бірінің спортқа, тағы бірі басқа да қызығушылығы бар. Ал менің қызығушылығым, хоббиім жұмысым деп айтсам болады. Бұл өте маңызды, әрі қызықты бағыт. Өйткені бұл тек білім және ғылым министрлігі емес, бұл – болашақ министрлігі. Осылай да айтуға болады.
Аймағамбетов өз жасында білім саласы бағдарламаларын өзгерту арқылы Қазақстанның болашағына әсер ете алатындығына мүмкіндік алғаны зор мәртебе және жауапкершілік екенін атап өтті.
Бұл жерде өз ісіңе қызығушылық жоғары болуы керек. Десе де, спортпен шұғылдану, кітап оқу – хоббиім. Кешке үйге келгенде ұлыммен PlayStation ойнаймын. Студент кездері де компьютерлік ойындарды ойнайтынбыз, - деді министр.
Аймағамбетов ұлымен осы жылы кітап оқу жайында келіскенін айтты. Айтуынша, баласы 54-тей кітап оқып үлгерген.
Кітап оқу өте маңызды бір бөлік. Сол себепті «Кітап оқитын мемлекет» және «Кітапқа құмар мектеп» бағдарламаларын бастадық, - деп айтты БҒМ басшысы.
Оның сөзінше, кітап оқу арқылы алған ақпарат ерекше болады. Себебі оқу арқылы алған тәрбие басқаша қалыптасады.
Сонымен бірге Асхат Аймағамбетовтің сүйікті спорты – футбол және отбасымен бірге уақыт өткізу екенін айтты.