Асхат Аймағамбетов ғылым саласында шешімін тапқан проблемалар туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық ғылым саласында шешімін тапқан проблемалар туралы баяндады.
Ғылымды қаржыландыру жүйесі өзгертілді. Басты проблемалар – жалпы қаржыландыру деңгейінің төмендігі, қаржыландыру мерзімінің қысқа болуы. Оған қоса, конкурстар тек 3 жылда бір рет қана өткізілетін. Осыған байланысты ғалымдар осы конкурста грантты жеңіп алмаса, онда келесі 3 жылды тосуға мүмкіндік болмай, ғылым саласынан кетіп қалатын, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.
Сөзінше, бұл проблемалар шешімін тапты.
Біріншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 70 пайызға өсті. Екіншіден, конкурстар 3 жылда бір рет қана жарияланса, енді жыл сайын өткізіліп отыр. Үшіншіден, гранттардың жаңа түрлері енгізілді. Олар - жас ғалымдарға коллаборацияға, қысқамерзімді және жеке гранттар. Төртіншіден, нысаналы қаржыландыру тек қана нақты ғылыми техникалық міндеттерді шешуге бөлінетін болды, - деді БҒМ басшысы Үкіметте.
Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру мерзімі бұрын 3 жыл болатын. Енді бұл мерзім 5 жылға дейін ұзартылды.