Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық олимпиада жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездесіп, құттықтады.

Кездесу елордада былтыр жаңадан ашылған №89 мектеп-лицейінде өтті.

Іс-шараға елордадағы жеңімпаз оқушылар дәстүрлі форматта, ал аймақтағы жеңімпаздар онлайн форматта қатысты.

Шара барысында 600-ге жуық олимпиада жеңімпазы министрмен кездесіп, оның 60-тан асасына марапатты министр қолынан алу бұйырды.


Дарынды, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар балалармен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Республикалық олимпиада қатысуышылары мен жеңімпаздары осы шараға қатысып отыр, - деді Аймағамбетов.

Министр аталған шараны екі кезеңде өткізуді ұсынды. Біріншісі, марапаттау бөлімі және екіншісі, сұрақ-жауап бөлімі.


Біз биылғы жылғы жалпыреспубликалық олимпиаданы жаңа форматта өткіздік. Осындай үлкен сайыстарды өткізгенде ашықтық және әділдікті қамтамасыз ету қажет. Осы олимпиаданы адалдық қағидасын сақтай отырып, компьютердік форматта өткізуге тура келді. Бастысы – сайыстың ашық және әділ өтуі, - деп айтты министр.

Бас ұстаз дарынды оқушыларды қолдау мақсатында жақсалып жатқан жұмыстарға тоқталды.


Елімізде білім саласын дамыту үшін жұмыс жасалып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Дарын» орталығы құрылды. Дарынды балаларды дамытуға көңіл бөлінді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін олимпиадалық қозғалысты қолдап, білім және ғылым саласын дамыту үшін алдымызға үлкен мақсат-міндеттер қойып отыр. Сол себепті барлық мақсатты абыроймен орындауымыз керек, - деп атап өтті Аймағамбетов.

Министр 1,5 жылдай уақыт бойы пандемия жағдайында өмір сүріп жатқанымызды еске салды.


Бұл да бізге үлкен сабақ болды. Әрине, пандемия кезінде әр мемлекеттің, әр қоғамның дамуының басты себебі – білім және ғылым екені тағы бір мәрте дәлелденді. Сол себепті әлемде бәсекеге қабілетті болу үшін білім саласын дамыту қажет, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.

Іс-шараның салтанатты бөлімінде министр Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды марапаттады.

Айта кетейік, республикалық олимпиада биылғы оқу жылында төрт кезеңде өткені белгілі. 

Мектеп кезеңіне 1 миллионға жуық бала қатысса, қорытынды кезеңде 1582 оқушы бас жүлделер үшін бақтарын сынады. 

Олимпиада қорытындысы бойынша 685 қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. 

122 қатысушы алтын медальға, 214-і күміс және 349 қатысушы қола медальға ие болды.

Республикалық олимпиада биылғы жылы барлық санитарлық-эпидемиологиялық норманы сақтай отырып, «Ustudy» орталықтары негізінде жаңа форматта өтті. Оқушылар олимпиадаға өз өңірлерінде қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы