Асхат Аймағамбетов балабақшалардың заңды бұзып отырғанын айтты
Мәжіліс депутаты 6 жасқа толмаған балаларды балабақшадан шығару мәселесі әлі толық шешілмегенін мәлімдеді.
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» тақырыбындағы отырыста депутат Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі білім беру саласындағы заң талаптарының орындалмай отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, былтыр Мәжіліс ата-аналар үшін маңызды мәселені шешуге бағытталған заң қабылдаған. Атап айтқанда, 6 жасқа толмаған балаларды оқу жылы аяқталғанға дейін балабақшадан шығармау туралы норма енгізілген. Алайда бұл талап іс жүзінде барлық жерде бірдей орындалмай отыр.
Біз былтыр маңызды заң қабылдадық. Егер бала 6 жасқа оқу жылының ортасында, мысалы қаңтар айында толса, оны сол мезетте балабақшадан шығарып жіберуге болмайды. Ол жазға дейін балабақшада қалуы керек. Бірақ бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ, – деді депутат.
Аймағамбетов мұндай жағдай ең алдымен ата-аналарға қиындық туғызатынын атап өтті.
Оның айтуынша, баланы балабақшадан мерзімінен бұрын шығару ата-аналарды жұмыс пен бала күтімі арасында таңдау жасауға мәжбүрлейді.
Бала қаңтарда 6 жасқа толады делік. Оны балабақшадан шығарып жібереді. Ал мектепке ол тек күзде барады. Осы аралықта бала қайда болады? Ата-анасы не істеуі керек? Жұмысын тастай ма? Сондықтан біз бұл мәселені заң арқылы шешкен болатынбыз, – деді ол.
Депутат Оқу-ағарту министрлігінен осы норманың орындалуын қатаң бақылауға алуды сұрады.
Заңның аты – заң. Депутаттар бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешті. Енді оның нақты орындалуын қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл норма толық жүзеге асырылып жатыр деп айта алмаймыз, – деді ол.
Аймағамбетовтің айтуынша, министрлік өңірлердегі балабақшалардың осы талапты сақтауына тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс.