Асхат Аймағамбетов: Бала мектепке келгенде оны директор қарсы алуы керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов бала мектепке келгенде оны директор қарсы алуы керегін айтты.
Биыл әдістемелік нұсқаулықта тәрбие жұмысына қатысты мәселелерді қарастырып, тиісті ұсыныстарды бердік. Соның ішінде былтыр «Директорлар балалар мектепке келгенде қарсы алуы керек» деген талапты қойдық. Бұл бұрыннан қалыптасып келе жатқан жақсы дәстүр болатын. Көп мектепте бұл дәстүр сақталған. Көптеген тәжірибелі директор осы ұстанымды сақтайды. Жалпы балаларды таңертең қарсы алып, оларды мектепке кім алып келе жатыр, баланың көңіл-күйі қандай, киген киіміне көңіл аударса, бұл алдағы уақытта тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді, - деп айтты Білім басшысы.
Асхат Аймағамбетов барлық мектеп осы ұсынысты қабылдап, тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.
Айта кетейік, бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.