Ашаршылық қолдан жасалған қасірет пе? - тарихшымен сұхбат

Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл ашаршылық пен қуғын сүргін құрбандарының саны әлі белгісіз екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда архивтердің бүкіл құжаттары бар, алайда біразы жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын не үшін терең зерттеуіміз керек?

- Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында бірқатар маңызды шара көзделген. Жалпы, ашаршылық пен қуғын-сүргін біздің халық үшін үлкен трагедия болды. Ол халықтың жадында мәңгі қалмақ. Сондықтан бұл оқиғаны тек естелік ретінде қарамай, ашылмаған жақтарын одан әрі аша түсуіміз керек. Жалпы саяси-қуғын сүргінді не үшін зерттеп жатырмыз? Ең алдымен, соны түсініп алған жөн. Меніңше, біздің мақсатымыз - болашақта мұндай оқиғиға жол бермеу, қайта болмайтындай жағдай жасау. Бұл көздегенімізге жету үшін халықтың қоғамдық санасы өзгеруге тиіс. Өткен тарих– қоғамдық және ұлттық сананың негізі болып есептеледі. Сол себепті тарихымызда ақтаңдақ беттер болса, ашылмаған тұстары болса, қайта қараудан жалықпауымыз керек.

 - Ақтау жөніндегі комиссия қандай қорытындыға келіп отыр?

- Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары бойынша арнайы комиссия жұмыс істеді. Бүгінгі таңда жұмыс аяқталды. Ең алдымен, ақтау алгоритмі жақсартылды. Екіншіден, бұрын құпия болған құжаттардың беті ашылып, Президент архивіне тапсырылды. Ғылыми жұмыстан бөлек, зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғаса береді. Бірақ біз толығымен саяси-қуғын сүргін құрбандары мен ашаршылықта қаза болған адам санын білмейміз, олар әлі есептеліп жатыр. Олардың жеке-жеке есімдерінен бөлек, жалпы санын да айта алмай жүрміз. Тек 1992 жылғы қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі заңмен соңғы екі жылда қосымша 311 мың ақталды. Бұл тек кеңес заманындағы қылмыстық кодекстің 58-ші бабы бойынша сотталғандар. Кеңес билігіне қарсы шыққандар және одан басқа да баптармен қуғынға ұшырағандар бар. Мүлдем ешқандай сотсыз қуғындалған азаматтар да бар. Өкінішке қарай, тіпті көтеріліс жасаған кейбір тұлға заң бойынша "бандит" деп жүр. Сондықтан бүгінгі таңда заңгерлер мен тарихшылардың алдында тұрған мақсат – ақтау жөніндегі заңға басқада категорияларды енгізу. Мәселен, кеңес билігіне қарсы көтерілісшілер ақталған жоқ. Сонымен бірге еңбек әскерінде болған қазақтар туралы мәлімет бүгінге дейін жоқ.

 - Құпия деректер қайда сақталған және қалай зерттеліп жатыр?

- Қазіргі таңда ғалымдарға құпия болып қалған архивтер жоқ. Бүкіл құжаттар ашылып, зерттеу жасалды. Өкінішке қарай, бұрын құжаттардың сапасы дұрыс қаралмаған. Мағлұматтардың көбі жертөледе жатқандықтан қағаздары көгеріп, шіріген және жарамсыз болып қалғандары бар. Ол құжаттар ашылғанның өзінде айналымға өткізу қиын болып тұр. Алматыда сол маңызды құжаттарды қалпына келтіретін орталық ашылды. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар бірнеше жылды қажет етеді. Кейін ғана ғылыми айналымға енгізіледі.

 - Мұндай кезеңді зерттеу үшін ғалымдарымыз қандай тың әдіс қолданып жатыр?

- Ақтау жұмыстары әлі де жалғасады. Ғалымдар мен тарихшылар тағы бір бастаманы қолға алды. Бұл - халықтың ішіндегі ашаршылық жөніндегі естеліктерді жинау. Ашаршылықты көрген соңғы буын өткен ғасырдың 20-30-жылдары дүние келген. Сол себепті халықтың жадынан ақпарат жинауға кірісуіміз керек. Онымен қоса, сол заманнан қалған құжаттарды цифрландыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Әрине, қағаз түрден цифрлық форматқа көшіру қиындық тудырады, оларды оқу көп уақыт алуда. Келешекте арнайы портал арқылы әр адам өз атасын таба алуы керек.

Жалпы, бұқара халықты кәмпескелеу, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық саяси құрал болған. Ашаршылық соның сатыларының бірі десек болады. Сондықтан мен зерттеуші ретіндегі ашаршылықты қолдан жасалған деп санаймын.

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы