Ашаршылық пен репрессия. "Геноцид деуге дәлел жоқ" – тарихшы

Қазақстандағы ашаршылықты геноцид деп атауға бола ма? Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Тұрсын Хазретәлі Қазақстандағы ашаршылық қандай сипатта болғанын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр көптеген тың құжаттарды жария етті. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар саны толық нақтыланды ма? Комиссия қандай қорытындыға келіп отыр?

Бұл - тәуелсіздік алған жылдардан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысының екінші кезеңі десек болады. 1993 жылы жоғары кеңестің комиссияның қорытындысы бойынша Қазақстанда 103 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген деген қортынды шығарылды. Бұл тарихи деректер бойынша біз 3 жыл жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде бұл цифрлар бірнеше есе еселенді. Мәселен, атылған адам саны бұрын 25 мың адам болса, қазіргі дерек бойынша олар 100 мың адам. Ал, жалпы қуғын-сүргінге ұшырағандар саны - 600 мыңға жуық.

- Қазақстанда Украинадағыдай геноцид болды ма? Ол туралы комиссия шешімі қандай?

Геноцид және этноцид – биліктің бір этносты қырып-жоюға бағытталған саясат. Екеуі де бір-біріне ұқсас ұғым. Біз мұрағаттарды анықтап көп дерек пен құжаттарды қарадық. Алайда сол кезеңде геноцид болғанын айқындайтын үкіметтің қаулысы мен қарары кездескен жоқ. Көпшілік бұған сеніңкірімей қарауы мүмкін, бірақ коммунистік идеяның басты саясаты елді модеризациялау еді... Яғни елдің шаруашылығы мен тұрмысын жаңа жүйеге енгізу болатын. Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл анық геноцид емес. Дегенмен мұны геноцидтік сипаты бар саясат деп айта аламыз. Қазіргі таңда бұл тұжырымды көп ғалымдар мойындап жатыр. Дәл қазақты қырып-жоюға бағытталған деген дәлел жоқ.

- Ашаршылық кезінде біраз қазақ ата қонысын тастап көрші елдерге көшіп кетуге мәжбүр болды. Олар туралы қандай тың деректер бар?

Бұны екіге бөліп қарастыруға болады. Көш зерттеуде ауа көшушілер және ашаршылық босқындары қаралды. Бұл екі көшті шатастырмау керек. Ауа көшу 1928 жылы жартылай феодалдар мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу кезінде басталды. Ауа көшкен адамдар – ол билікке наразылық білдіріп, өзінің мал-мүлкімен туған жерінен көрші ауылға немесе шекаралас елге көшіп кеткендер. Ауа көшу 1928 жылы басталып, 1934 жылға дейін жалғасты. Ауа көшкендердің көбі ауылдың ауқатты адамдары болды. Олар билер, байлар, ақсақалдар және рубасылар. Олар тек өз отбасымен емес, бүкіл ағайымен қоныс аударды.

Кеңестік биліктің қуғын-сүргін шаралары және науқан, ет, жүн және басқа да салықтардан әбден қысылған халық басқа елдерге бас сауғалап кетті. Ашаршылық босқындарының күнкөріс үшін көрші елдерге асуы 1931 жылы басталды. Өйткені сол жылдары халық ашаршылықтың алғашқы белгілерін сезе бастады. Кейбір халық өндіріс орындары бар жерге, ал кейбірі қалаға кетіп бас сауғалады. Ал 1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық кезінде басқа елдерге үдере көшкендер саны еселеп артты. Осылайша аштықтан жаяу безген халық ашаршылық босқындары аталып отыр.

-Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы