Ашаршылықтан аман қалған ұрпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ел тарихындағы, күллі қазақ руханиятиындағы азалы күн. Аштық пен зұлматтан қазақ халқының тең жартысынан астамы нәубетке ұшырады. Қаралы тарих қазақ ұлтының әр шаңырағына өшпес із қалдырды.

Төмендегі сұқбат та сол қасіретті тарихтың бір тармағы, бір ғана әулеттің басынан өткен қасірет. Жас ақын Қабиден Қуанышбай әулетінің тарихынан сыр шертеді.

Сырт көзге томаға-тұйық болып көрінер осы бір қапсағай жігіттің көкірегінде осынша шер-шеменнің жатқанын ешкім біле бермейді. Қайғы-мұңсыз адам болмайды десек те, Қабиденнің басында қайғы бар дегенге көп адам сене қоймас еді.

Алайда, көз көңілдің айнасы дегендей, анда-санда ажарыңа аңдай қарайтын қос жанарынан терең шердің шыңырауын байқар едіңіз.

«Арғы беттен келген ғой» дейсіз сосын. Сосын көңіліндегі шеменнің де шетін ұстағандай боласыз. Ал шын мәнінде оның шерінің шегі басқада еді. Анда-санда, онда да осы бүгінгідей мамырдың соңғы күндері, «мен ашаршылықтан тірі қалған жалғыз ұлдың тұяғымын ғой» - дейтіні бар.

Иәәәә, ашаршылық бұл қазақтың әр шаңырағына нәубет болды ғой. Екі қазақтың бірі ашаршылықтан аман қалған әулеттің сарқыны екені анық. Осы есіңе түскенде Қабиденнің мұңы неде екенін бағамдайсың. Дегенмен, «Жылқы кіснескенше, адам сөйлескенше» демей ме, Қабиденнің көңіл түкпірінде, көкірек шыңырауында жатқан сырды суыртпақтап көрмек болдық.

Іленің жағасында Тоғызтарау деген өлке бар. Мен сол жерде дүниеге келдім. Атам мен дүниеге келерден 5 жыл бұрын 98 жасында дүние салыпты. Ол кісі жайлы аңыз көп, өзім көрмесем де, маған аса қадірлі кісі. Себебі көптің айтуынша, ауылдағы есті молдалардың бірі әрі бірегейі болған екен. Маған ең қызық сезілетіні – атам мен әжемнің жас айырмасы. Әжемнен сұрай беретінім де осы еді. «Әже, сонда 15 жасыңызда қаусаған шалға қалай тидіңіз?», – деп күлетін едім. Не деген қамсыз едім десеңші. Жарасының аузынан қан сорғалатыппын ғой сол кездерде – дейді Қабиден Қуанышбай.

Екеуміздің таныстығымыз да тосыннан болған. Себепкер белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы ағамыз еді. Ол мүлде бөлек әңгіме. Ал қазір Қабиденнің әжесі мен атасының арасындағы жас айырмасының себебін білейік.

Иә, атам әжеме үйленген кезде, мен айтқандай қаусаған шал емес еді – деп әңгімесін жалғастырды ол. – Қырықтың қырқасынан енді асқан қылшылдаған жігіт болатын. Ал, әжем 15 жастағы бойжетіп тұрған қыз екен. Бұл 1940 жылдар ғой. Бұл жылы атам ұзақ сапардан аты арып, ауыр жүкті арқалап, бір қауым елді алдын-ала жіберіп, өзі тұтқынға түсіп қалып, қашып құтылып келіп, Іленің жағасын паналап, тұрақтауға бел буып отырған мезгіл.

Қабиденнің жұмбақтап бастаған әңгімесін аса пайымдай алмай қалдым. Содан кейін, басынан бастап айтуын сұрадым.

Жақсы, басынан бастайын, бірақ сен әңгіменің ырғағын бұзбай тыңдашы – деген ол, тағы сол өзінің әдетіне басты. – Айдауға кетерден он жыл бұрын, атам өзі айтып кеткені бойынша, Сарыарқадан, нақтырақ айтсақ, қазіргі Семей өңірінің Шұбартау елдімекенінен шыққанда, Орынтай деген әжеміздің болғанын, одан туған бірнеше бала бар екенін білдім...

Осы жерде әңгімесін мен тағы үздім. "Ол Орынтай деген кемпір атаңның бұрынғы әйелі болып тұр ғой?" «Иә» деген ол әңгімесін ары қарай жалғады.

Үдере көшіп, қақаған қыстың қарсаңында ат терлетіп, ауылды жиып отырған тұсынан көршінің естияр бір азаматы жүгіріп келіп: «Жұма аға, (Атамның өз есімі Жұманқұл, ауыл адамдары осылай атапты деседі – Қ.Қ.) Семейден Пышақбай нағашым келіп кетті. Алдымыздағы малды түгелімен жинап алғанымен қоймай, үкімет халық жауларын ұстап жатыр дейді. Қағаздарды аударыстырып отырып, оның көзі «Сагындыкулы» деген фамилияға түсіпті, анықтап қараса Джуманкул деп тұр екен. Соны жеткізуге Пышақбай нағашым келіпті, тек сенімді болғасын маған осы хабарды тез жеткіз деді де, өзі сізбен кезігуге сескеніп кетіп қалды. Бүгін түннен қалмасын, жер аударып кетсін деп сәлем айтты», - дейді әлгі жігіт. Оған қоса Пышақбайдың ескертуін де айтады. «Егер ұсталып қалса, Пышақпай атын аузынан шығарса, қан қарызым мойнында кетеді» - деп қатаң ескертіпті – деп Қабиден біраз ойланып қалды.

Бәлкім ата-бабасының қуғынға түсер бір ұлы сүргіннің басталар алдындағы тыныштығын көз алдына елестетті ме екен, көзіндегі мұңы тереңдеп біраз отырды.

Онсыз да сескеніп отырған Атам Орынтай әжеміз бен шиттей балаларды алып, сол түнде Балқашты жағалап, Талдықорғанға бет алған екен. Қыстың күні Балқаш әлдеқашан мұзға айналған. Тәуекелге бел буып, көрпе-жастық, тең-текеметтерін артқан арбаның доңғалағын шығарып алып, шана жасап, Балқаштың ортасымен бір-ақ тартыпты. Көлге жеткенше маңайдағы ауылдардан өтіпті, жай жүріп өтпепті, адам сүйегінің үстімен өтіпті. Тіпті бір ауыл түгелімен қырылып қалғанын көргенін күйзеле айтып беріпті жас әжемізге. «Шұбаратаудан жүріп омбы қарға із салып, бір ауылға жеттік. Еңселі Ақүйдің алды сыпырусыз, қар сол күйі ізсіз жатыр, сонда да түндіктен болмашы түтін шығып жатыр, ішерге су біткен, қарды жей беру қарық қылмағасын, сол үйге ат басын бұрып, аз аялдамақ болдым. Кірсем үй іші иістеніп кетіпті. Пештің түбінде бір кемпір жатыр екен, қолымен пештің астын қағыстырып, тұруға әл-дәрмені болмай жатқанын байқадым да қасына жақындап барып едім. «Қашық тұр, бас жағымда үш мүрде бар, менің өзім бір аяғым көрде жатқан жанмын, түгелімен обамен өліп таусылдық. Өлгің келмесе, алшақ кет, шық үйден» - деп айқайлағысы келіп, дауысы шықпай ентігіп кетті. Су сұрап едім, үстел басын нұсқады. Беті бір қабат жабылып қалған жарты күбі суды ала бергендімде кемпір: «Ей, өлесің ғой» - деп кейіді. «Тірі жанға бір өлім» деп күбіні көтеріп далаға шығып, бетінің бір қабатын қалқып алып тастадым. Амалсыз қолдана бастадық. Талдықорғанның Сарыөзегіне жеткенше жол-жөнекей бала-шағам мен келіншегім түгел қырылып таусылды. Обадан кетті» - деп жас әжемізге әңгімесін айтыпты.

Қабиденнің әңгімесі осы тұсқа келгенде аштықтан бір, қуғын-сүргіннен екі, шешектен үш, обадан төрт қырылған халқымыздың қаралы тарихы еске түсті. Одан аман қалғандары 1941-45 жылдардағы белгісіз соғыстың бермесі үшін тағы қырылды.

Екі жыл уақыт өткен соң, Сарыөзекке де жетіпті атам. Жолда Орынтай әжеміз өмірден өткен екен. Бала-шағадан да бір тұяқ қалмапты. Бұл – 1935 жылдар болса керек. Сарыөзектегі жұрт та құйысқандары қопаңдап отыр екен. Үкімет пен партияның қыспағына шыдай алмаған ел ашаршылықтан арыла алмай, Қытай ауып кетіп жатыпты. Жастайынан құдаша деп ойнайтын Мыңтеңгені тапқан атам, сол үйге қонақтап біраз күн жатып, артынан қуғыншы келіп, қайта ұстап кетіпті. Ұсталып кетіп бара жатқанда Мыңтеңге қайда баратындары жайлы аз хабар айтқан екен. «Жұманқұл, мына құрықтан құтылсаң Іленің жағасына жетерсің» - деп аманат тастапты. Жаркент түрмесіне түскен Жұманқұлдың тартпаған азабы қалмапты. «Барынан айырылып қаралы отыр-ау» дейтін үкімет қайдан болсын. Тек құдашасы Мыңтеңгенің мол адамгершілігі жүрегін жылытыпты – дейді Қабиден атасы мен болашақ қайын апасының арасындағы риясыз сыйластыққа сызат түсіріп алмайын дегендей сыбырлап.

Қабиденнің әңгімесі бір халықтың қасіретті тарихы. Ашаршылық бір, қуғын-сүргін екі тұралатқан ел, енді шетке кетіп, шекара асып, қайтсем ұрпағымды аман алып қалам деп жансебілдікпен жанталасып жатқандай.

Сол барғаннан атам түрмеде екі жылдан астам уақыт жатыпты. Еңбекке жегіліп, тоған қазып, жер аударып, ауыр таяқпен, аш қарынның азабынан бір арыла алмапты. Бірде еңбекте жүрген шағында арқырап ағып жатқан өзеннің жағасына келіп, өз өмірін көз алдынан лентадай өткізген атам түңіліп, «Енді үміт артар не қалды, өлген артық» – деп өзін суға тастауға ойланып тұрғанда артынан бір кісі келіп: «Иә, мына өзеннің ағысына мен де қызығып тұрмын, тас демейді, топырақ демейді, кезіккен кедергісін айналып, өз діттеген жеріне жетуге тырысады, сен де соған қызығып түрған боларсың?!», – деп атамның көзіне қарапты. Жігерсіздік танытып өлімші халге түскеніне ұялған атам жігерленіп, қайта еңсесін көтеріп, түрмеден құтылу жолдарын қарастыра бастапты – деген Қабиден атасымен бірге түрмеден қашудың жолын іздеген адамдай ойланып қалды.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығар» дегендей, бір күні түрме бастығы тұтқындар лагерін аралап жүріп, «іштеріңде молда бар ма?» деп сұрайды. Дінді апиын көретін үкіметтің адамдары молданы не оңдырар дейсіз, ертерек ату керек болған ғой деп көп діндарлар жұмған ауызын ашпапты – деп жалғастырды әңгімесін ол.

Сонда атам «иә, бармын» дегенде бастық бұйрықпен атамды үйіне алдырыпты. Үйіне барса, түрме бастығының шешесі о дүниелік болып, соның жаназасын шығаруға молданы күтіп отыр екен. Атам барып шешесінің жаназасын шығарып беріпті. Бастық өзі түрмеге жеткіземін деп машинаға тек екеуі ғана отырып аз-кем әңгімелескеннен кейін түрме бастығы: «Молдеке, сен Қазақстан аумағынан шыққаның абзал, менің көргенім де күн емес, амал жоқ. Ал, саған бір жақсылығым болсын, қайда бару ойың бар, азық-түлігіңмен мен сені жасырын жеткізіп салайын» дейді. Сөйтіп атамды Қорғас шекарасына дейін жеткізіп салған түрме бастығының жақсылығы – бүгінгі біздің өмірге келуімізге түрткі – дейді Қабиден.

Оның көзінен өзінің мынау жарық жалғанға келуіне, атасы армандаған, әкесінің табаны тиген атажұрттың топырағын басуға себепкер болған сол түрме бастығына деген ризашылығын көруге болар еді.

Шекара асып, Қытайға жеткен соң Ілені жағалай қонған елден жол-жөнекей сұрап отырып, жаз бойы жүріп, Мыңтеңге қонған ауылды да тауыпты атам. Жұртпен жылап көрісікен атамның да ел арасында еңсесі көтеріліп қалыпты. Арада аз-кем уақыт өткен соң сыйласқан құдашасы атама: «Жұмеке, жасым кіші болса да заманымыз тең болды, Арқаның төсінде арындаған азамат ең, Мыңбайдың ұрпағы сен емес пе ең? Тағдыр айдап жеткен жерің осы. Орынтайдың орны өгейсіп тұр. Соқа басың сопиып қашанғы жүрмексің, менің екінші қызымды ал, 15 жастан да асып барады, өзіңе қолғанат болсын», - деп өтініпті. Бұны естіген атам ой үстінде қалыпты да «Жасым болса 40-тан асты. Енді қаусағанда жас қыздың обалына қалам-ау», - деп егіліпті. Бірақ Мыңтеңге апамыз қоярда-қоймай жүріп өз қызын атама қосқан екен. «Молдеке бір айға дейін үйге келмей, жақындай алмай жүрді ұялып» – деп әжем кемпір боп отырып, қыз күлкісімен сыңғырлады. Осы әңгімелерді атамның аузынан естігендей етіп айтып берген әжем де 2010 жылы бақилық болды. Әжемнен қалған байлық атамнан қалған ұрпақ пен тарихи тағдырлар еді. Бұл біздің жүрегімізде мәңгі жатталып қалмақ – деп әңгімесін аяқтаған Қабиден Қуанышбек бүгінгі күніне шүкір дейді.

Аллаға шүкір! Қазақ елі өз алдына Тәуелсіз ел болды, ашаршылықта бүкіл әулеттен аман қалған жалғыз Жұманқұлдан тараған ұрпақ ата топыраққа тамыр жіберген мәуелі бәйтерекке айналдық! Неткен өміршең рух деші! Жаның Жәннатта болғай, жан атам! – деп егіледі ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы