Ашаршылыққа қатысты шынайы ақиқат айқындалып, тарихи бағасы берілуі керек – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін - елімізде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Өкінішке қарай, бұл – біздің ұлттық тарихымыздың қара жамылған, қайғымен жазылған нәубет кезеңін еске салады... деп жазды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тарихшылардың айтуынша, 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргін көріп, 25 мыңы атылған. Неше миллионы аштықтан қырылды, қанша адам шет елдерге бас сауғалады, отбасылары мен жақындары қудалауға ұшырады. Дегенмен, «орнында бар оңалар» деген. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз тарихымызға байыпты бағасын беріп, әділетті қалпына келтірудің лайықты шарасын жасап келеді, - деп жазды министр. 

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылды. 

Ендігі жерде тарихи құжаттар жан-жақты сараланып, репрессия құрбандары ақталуы тиіс. Әсіресе, ашаршылыққа қатысты шынайы ақиқат айқындалып, бұл нәубетті оқиғаның нақты тарихи бағасы берілуі керек. Тарихи сана неғұрлым терең болған сайын адам да, қоғам да рухани бай болады. Сондықтан тарихи сананы қалыптастыру тек шынайы тарихқа негізделуі тиіс. Озбырлық үстемдік құрған, ұлт тарихы қыл үстінде тұрған кезеңдер тарихының қайта зерттелуі – әлемдік тәжірибеде бар заңдылық, тарихи әділдік. Жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – біздің бүгінгі борышымыз, оны ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз! Құрбандардың рухы тынышталып, жандары жай тапсын..., - деп жазды Аида Балаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы