Аш-Шараа АҚШ-қа ресми сапармен барды

Сирияның өтпелі кезең президенті Ахмед аш-Шараа АҚШ-қа ресми сапармен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

Сирияның SANA ақпарат агенттігі ұсынған мәліметке сәйкес, Вашингтонға жасалған бұл сапар – Сирия тәуелсіздік алған 1946 жылдан бергі алғашқы ресми президенттік визит.

Бұған дейін АҚШ аш-Шарааның Вашингтонға келіп, АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізуіне байланысты оған салынған санкцияларды алып тастаған болатын. АҚШ Қаржы министрлігінің сайтында Сирияның ішкі істер министрі Анас Хаттабтың да санкциялар тізімінен шығарылғаны көрсетілген.

Бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі сириялық президентке салынған санкцияларды алып тастау туралы резолюцияны мақұлдады. Оны Ресейді қоса алғанда, 14 мүше мемлекет қолдады. Қарсы дауыс берген ешкім болмады, Қытай ғана қалыс қалды.

БАҚ мәліметінше, 10 қарашада аш-Шараа Ақ үйде президент Дональд Трамппен кездеседі. Сириялық мемлекеттік ақпарат құралдары келіссөздер тақырыбының бірі – Сирияны қалпына келтіру болатынын мәлімдеді.

Аш-Шараа мен Трамп бұған дейін Сауд Арабиясында мамыр айында кездескен. Сол кезде АҚШ президенті Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын жариялаған болатын.

Кездесуден кейін Трамп аш-Шарааны "жас, тартымды, қатал мінезді және мықты өмір жолы бар адам" деп сипаттаған.

Қыркүйек айында аш-Шараа БҰҰ Бас ассамблеясында сөз сөйледі. Бұл – соңғы алпыс жылда Сирия президентінің мінберге шығуы алғаш рет тіркелген оқиға. Сол жолы ол Сирия әлем елдері арасындағы заңды орнын қайта иеленіп жатқанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы