Аш аю моладан мәйітті алып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейдің Комсомольск-на-Амур елді мекенінде аш аю моланы қазып, мәйітті орманға сүйретіп әкетті. Бұл туралы Komcity.ru жазды.

"Түнде жыртқыш аң Старт поселогының ауданындағы қалалық зиратқа кіріп, жаңа жерленген мәйіттердің бірін қазып алып, орман жаққа сүйретіп кетті. Оқиға орнында тек жыртылған киімдер ғана қалды", - делінген хабарламада. 

Сайттың мәліметінше, мәйіт сол бойы табылмады.

Жыртқыш аюлар зиратқа бұрын да келіп жүрген. Алайда, оларға моланы қазуға мүмкіндік бермей, қуып жіберіп отырған. 

2015 жылы AmurMedia порталында Старт поселогы орналасқан ауданда гималай аюлары байқалғаны хабарланды. Полиция қызметкерлері оларды аспанға оқ атып қорқытып, қуып жіберген. Артынша, жерлеу рәсімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кезекшілік ұйымдастырылды. 

Бір жыл өткен соң Komcity.ru порталында зиратқа тағы да аю кірді деген ақпарат жарияланды. Бұл жолы жабайы жануар тәртіп сақшыларының көлігіндегі дабылды естіп қашып кеткен.

2018 жылы Камчаткадағы Елизово қаласының зиратына аюлар кіріп кетіп, моладағы кірестерді сындырып, бірнеше моланы қазып тастағаны хабарланды. Аңшылықпен айналысатын мамандардың айтуынша, зират маңында кем дегенде 3 жабайы аң болған.

Айта кетейік, Ресейде гималай аюлары Якутия жане Хабаровск өлкесінің оңтүстігінде кездеседі. Қоңыр аюларға қарағанда екі есе кішкентай аңның кеудесі ақ, ал тері жабыны қара болады. Гималай аюының аузында қорғануға және тамақ табуға арналған 42 тіс бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы