"Асфальт қайда?" – Бельгиядан жеңіспен оралған баланың әзілі жұртты күлдірді
Алматы облысы, Іргелі ауылының тұрғыны, халықаралық баяншылар чемпионатында топ жарған мектеп оқушысы туған ауылына жеңіспен оралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бельгияда өткен додада бірінші орынды иеленген жас өнерпазды туыстары дәстүрге сай шашу шашып, жылы қарсы алды.
Әлеуметтік желіде таралған видиоға назар аударсақ, оны үйінің қақпасынан күтіп алған анасына баланың айтқан бір ауыз сөзі барша жұрттың көңілін көтерді.
Мен бірінші орын алдым ғой, асфальт қайда?! - деп қалжыңдаған бала, Олимпиада чемпион Елдос Сметовтің атақты оқиғасына сілтеме жасады.
Еске салсақ, Елдос Сметов олимпиадада жеңіске жеткеннен кейін, Жамбыл облысындағы оның ауылындағы үйіне апарар жолға жедел түрде асфальт төселген еді. Осы сәт ел арасында кеңінен таралған әзілге айналған болатын.
Жас таланттың анасы да сол сәтте бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Акимат, бізге де асфальт төсеп беріңіздер! Қазақстанның атын шығарып келе жатыр менің ұлым, дүниежүзінен бірінші орын алып, - деді ол күлімсіреп.
Жоғарыдағы видеоны өз парақшасында бөліскен баланың анасы әкімдікке үндеу жасады.
Шашу шашайын деп алдынан жүгіріп шықсам, "мен" келе жатыр деп көшеге асфальт төсемеген бе?, - деп балам бір күлдіртті-ау. Асфальт салып беріңіздер, Акимат! Тек қана спорт емес, мәдениетті де қолдау керек, - деп жазды жеңімпаз баланың анасы.
Желі қолданушылары да жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
Ойын-шыны аралас.
Жарайсың, орның құтты болсын! - деп желі қолданушылары пікір бөлісіп, оқушыны құттықтап жатыр.
Бұл оқиға – ауылдан шыққан дарынды балалардың халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, күллі елдің мақтанышына айнала алатынының тағы бір дәлелі. Баянист баланың жарқын жеңісі мен әзілге толы сөзі – мәдениеттің де өз чемпиондары болатынын еске салып өтті.