19 жыл бұрын жоғалған қазақ қызы Тәжікстаннан табылды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2000 жылы тәжік жігітімен қол ұстасып кеткен қазақ қызын ата-анасы 19 жылдан кейін іздеген. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров апта сайынғы брифинг барысында мәлімдеді.

«Осыдан бір-екі ай бұрын Тәжікстанда 19 жыл бұрын жоғалған Әсел есімді қыздың ата-анасы депутатқа өтініш білдірген. Депутат Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Бейбіт Атамқұловқа сұрау жіберген. Душанбедегі елшілік қызметкерлері бірден іздеу салды», - деді Смадияров.

Қызды консулдық қызметкерлері 1 айдан астам уақыт бойы іздеген.

«Консулдық қызметкерлері қызды табудан күдерін үзген. Дипломаттың қолында қазақстандық қыздың тек кішкентай кезіндегі фотосы мен аты ғана болған. Бір күні консул полициядан шығып келе жатса, жол бойынан Әселге ұқсайтын бір қызды көріп қалып, тоқтайды. Сұрастырса, шынымен сол қазақстандық Әсел болып шығады. Кейін оны елшілікке әкеліп, құжаттарын реттеп береді. Осы жұма күні Әсел Душанбе-Алматы-Атырау бағыты бойынша туған қаласына келді», - деді ресми өкіл.

Туыстарының айтуы бойынша, Әсел 1984 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Ол 2000 жылы 7 сәуірде Саратов-Душанбе бағытындағы пойызға мініп, тәжік жігітімен кетіп қалған.

Рахиля Бекназарқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы