Әсел Камалова: Ұтып алған грантым болашағымды айқындай түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мектеп қабырғасында оқып жүрген жеткіншектің үлкен байқауларға қатысып, бақ сынауы сүйіспеншілік тудырмай қоймайды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грантын ұтқан жүлдегер оқушы Әсел Камалова өз ойымен бөлісті.
- Оқушы қыздың жеңісіне ұстаздарының ықпалы қандай?
– Мен Түркістан облысы Түркістан қаласында туып өстім. 11 сынып оқушысымын. Жасым он алтыда. Қазір Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жүрмін. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының жастарды қолдау мақсатында грант таратып жатқаны туралы алғаш инстаграм желісінен оқып таныстым. Алдымен бұл хабарламаны әкем байқаған екен. Үнемі біздерді ынталандырып, жол көрсетіп жүретін жақыным боландықтан, әкем осы байқауға қатысуға кеңес берді. Сосын құжаттарымды дайындап, қатыстым. Өнерімді көпшілікке паш ету үшін, қоғамның қолдауын сезінудің маңызы зор. Сондықтан өзім Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан грант ұтып алғанда қатты қуандым.
– Жобаға бекер адам қатыспаса керек. Өзгелерден ерекше болу үшін қандай жоба ұсындың?
– Грантқа сурет салу және пианино тарту бағыты бойынша қатыстым. Ән айтатын да өнерім бар. Бірақ ұйымдастырушылардың назарын аударған, грантты ұтып алуға себеп болған – менің суреттерім. Өзім пейзаж салғанды қатты ұнататынмын. Адам бейнесін салуды терең меңгеріп кете қойғаным жоқ. Бірақ сурет салсам, әсіресе табиғатты бейнелегенде жаным рахаттанады. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының менің осы өнерімді ұштауына ықпал еткені, суреттеріме назар аударғаны қатты қуантты.
– Құпия болмаса ұтып алған қаражатыңды қандай бағытта жұмсадың?
– Менің жетістігіме отбасымызбен қуандық. Бұл менің жеке өзіме ғана емес, айналама ерекше стимул болғанын айта кетуім керек. Байқауға қатысқан сәттен біз қабілетімді дамытып, шеберлігімді шыңдауға не қажеттігін іштей сараптап, қаржыны қай бағытқа жұмсау қажеттігін ойша жоспарлап қойғанбыз. Соған сәйкес ұтып алған қаражатты өнерімді дамытуға жұмсадым. Сурет салуға қажетті заттар сатып алдым. Сондай-ақ өзімнің көптен бері армандап жүрген пианино синтезатор аспабын сатып алуға мүмкіндік туды.
Рас қазір көп уақытымды ұлттық тестілеуге дайындыққа жұмсап жатқандықтан, өнеріме көңіл бөлуге уақыт таба бермеймін. Сондықтан әзірге үлкен пианиноның қажеті жоқ деген шешімге келіп, кішкентай синтезатор сатып алдық. Бірақ кейін университетке түсіп, мамандығыма жол ашылғанда үлкен пианиноны міндетті түрде сатып аламын деген мақсат қойдым алдыма.
Гранттан ұтып алған қаржым сурет салуға арналған түрлі бояулар мен оның құралдарын сатып алуға да жетті. Егер өнермен айналысуға барынша жағдай жасалса шығармашылық адамы қабілетін шыңдауға барынша ден қоятынына көзім жетті. Осы орайда сурет салуға арналған барлық құралдарымның түгелденуі менің шабытымды аша түсті деп айта аламын. Яғни ұтып алған грантым менің болашағымды айқындай түсті. Жан-жақты тұлға болып қалыптасамын деген мақсат қойдым алдыма.
- Шығармашылық адамы екенің көрініп тұр. Болашақта қандай мамандық иесі болғың келеді?
- Кішкентай кезімнен ағылшын тілін үйренуге қызығамын. Сондықтан бұрын дипломат, әлемге қазақтың болмысын танытатын елші мамандығын таңдаймын деп ойлайтынмын. Бірақ ата-анам болашақта мұғалім болғанымды қалап отыр. Негізі ата-анам қыз баланың таза өнермен айналысуын құптай қоймайды. Ал менің жан дүнием өнерге жақын. Түрлі шығармашылықпен айналысқан сайын тынысым ашыла түседі. Дегенмен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грантына қатысатын кезеңде әкем көп қолдау білдірді. Адамның өнер жолына түбегейлі түспесе де, өз мүмкіндігін сынап көруі тиіс екенін, шығармашылығын шыңдап отыруы қажеттігін ұқтырды. Және өзімнің шығармашылыққа ебім бар екенін сезіндім. Сондықтан алдағы уақытта бар жағынан епті, мықты ағылшын тілінің ұстазы болып жатсам, оқушыларды да жан-жақты болуға шақырып, мүмкіндіктерін қолдауға барынша күш саламын деп ойлаймын.
Сурет салу хоббиім. Пианино үйрену үшін бұрын үйірмеге қатысқам. Яғни өзімді әртүрлі қырымнан сынап көріп келемін. Болашағыма мұның пайдасы тимесе, зияны тимейтінін анық білемін.
- Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан өнерлі жастарды қолдауға бөлетін қаржысының көлемі жеткілікті деп санайсың ба?
- Әрине, бөлінетін грант көлемі, өнерлі жастардың мақсатын орындауға толығымен жетеді деп айта алмаймын. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Шығармашылық жастарды қолдау» бағытындағы гранты музыка, хореография, театр, кино, цирк өнері, әдебиет, бейнелеу өнері, сәулет, дизайн салалары бойынша сарапқа салынды. Конкурстық іріктеуге Қазақстан азаматтары болып табылатын 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Ұтып алған гранттары көп нәрсеге жетпесе де, бұл қаржы үміткерлерді қанаттандыратыны рас. Сондықтан бұл жердегі мәселе берген қаржының көлемінен бұрын, жастардың сол қолдауды сезінуінің маңыздылығында деп ойлаймын.
Өз басыма ол қаржы біршама мақсаттарымды орындауға көмектесті. Мемлекеттің ел ішінде өнерлі жастар бар екеніне көңіл бөлуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Негізі өнердің түрі де көп, өнерлі жастар да көп. Кейбір өнер түрлері тіпті көп қаржыны талап етеді. Осы орайда мемлекетіміздің осы бағыттағы жұмыстары алдағы уақытта тоқтамаса екен деген тілегім бар. Өзіміз орталықтан шалғай жатқандықтан мұндай грантты ұтып аламыз деп мүлдем ойлағамыз жоқ. Сонша талантты жастардың арасынан оза шығып, грантты ұтып алудың өзі адамды қанаттандырады, шабыттандырады. Өз басым мұндай шараға бірінші рет қатыстым. Қабылетін көрсете алмай жүрген, таланты танылмай келе жатқан, шалғай ауылдарда шет жүрген балалар мұндай бастамалардан көбірек құлағдар болса екен, солар қолдаймен көбірек қамтылса екен деген тілегім бар. Өйткені қалада тұратын балалар үйірмеге қатысады, түрлі байқаулардың ортасында жүреді. Ал ауылдарда балаларға үйірмелер де, республикалық деңгейдегі байқаулар да қолжетімді емес. Сондықтан Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан бөлінетін гранттардан шалғай ауылдарда жатқан өнерлі балалар қалыс қалмаса екен деймін.
- Грант ұтқаннан кейін қандай ой түйдің?
- Грантты ұтып алған соң мұндай бастамалар мен қатарлы жастарды көп қызықтыратынын байқадым. Жастар түрлі қолдауларға мемлекеттің назар аударуына зәру. Кейде тіпті қоғам түгілі ата-анасының өзі олардың шығармашылығына күмәнмен қарап жатады. Сондай кездерде мұндай байқаулардың маңызы зор екен. Алдағы уақытта байқау тек шығармашылық жастарды ғана қолдамай, жастардың басқа да мүмкіндіктерін ескерсе деймін. Жалпы жастардың беленділігін арттыратын, ынтасын көбейтетін бастамалар көп болса екен. Грант ұтып алғанымды естігенде «менің де талантыма басқалар көңіл бөлді-ау ақыры, мен дәлелдедім өзімді» деп қуандым іштей. Бұл жоба мен сияқты жастардың сенімін арттырады. Оны өз басымнан өткергендіктен жақсы сезініп тұрмын.
– Арманыңа жет!