Әсел Асқарды ұрған кәсіпқой спортшы қамауға алынды
Блогер Әсел Асқарды соққыға жыққан ер адам қамауға алынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ұсақ бұзақылық фактісі бойынша М.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды (ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі).
Сотпен ағымдағы жылдың тамыз айында қаладағы фитнес-клубта азамат М.-ның жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, А.-ға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзғаны анықталды. Сот отырысында күдікті іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растап, жасаған әрекетіне ішінара өкінді, - делінген ақпаратта.
Соққыға жыққан азаматтың грек-рим күресінен қазақ балуаны, Азия чемпионатының қола жүлдегері Мансұр Шадукаев екені белгілі болды.
Сот қаулысымен ер адам ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, танымал қазақстандық тележүргізуші және блогер Әсел Асқар спортшының қолынан таяқ жегенін айтқан еді.