3 Қараша 2026, 17:38 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Асардан заманауи волонтерлікке дейін: Қазақстанда еріктілер қозғалысы қалай дамып келеді?

Қазақстанда волонтерлер саны 300 мыңға жетті. Еріктілер экологиядан бастап әлеуметтік көмекке дейінгі түрлі бағытта қоғамға үлес қосып жүр.

2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл бастама еріктілер еңбегінің маңызын тағы бір мәрте көрсетіп, қозғалысты дамытуға жаңа мүмкіндік ашты. Қазақстанда волонтерлік қалай өзгерді, еріктілер қатарының артуына не әсер етті және бұл қызмет тұрақты қоғамдық мәдениетке айналды ма? Осы және өзге де сұрақтарға BAQ.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

Қазақстанда волонтерлер қатары қалай өсті?

Соңғы жылдары Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың ауқымы кеңейіп, еріктілер қатысатын бағыттар көбейді. Бүгінде олар экологиялық акцияларға қатысып қана қоймай, әлеуметтік көмек көрсету, білім беру, медицина, мәдениет, медиа және төтенше жағдайлар кезінде қолдау бағыттарында да белсенді жұмыс істейді.

Ұлттық волонтерлік желінің 2025 жылғы қорытынды есебіне сәйкес, елдегі волонтерлер саны 2024 жылғы 275 мыңнан 2025 жылы 300 мыңға жеткен. Бір жыл ішінде волонтерлік вакансиялар саны екі еседен астам өсіп, 358 814-ті құраған. Ал өткізілген іс-шаралар саны 8 034-тен 40 751-ге дейін артқан.

Волонтерлік ұйымдардың саны да көбейіп келеді. Мемлекет басшысының мәліметінше, 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 3,5 есе өсіп, 224-тен 810-ға жеткен. Белсенді волонтерлер саны алты есе көбейіп, 300 мыңға дейін артқан. Сонымен қатар бастамашыл топтардың саны 10 есе өсіп, 3,5 мыңды құраған.

Бұл көрсеткіштер волонтерліктің бір ғана бағытпен шектелмейтінін аңғартады. Мәселен, экологиялық волонтерлер қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысып, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәдениетін насихаттаса, әлеуметтік бағыттағы еріктілер көмекке мұқтаж азаматтарды қолдайды. Ал білім беру саласындағы волонтерлер жастардың сауатын арттыруға, пайдалы дағдыларды меңгеруіне үлес қосып жүр.

«Волонтерлікке әртүрлі жастағы адамдар қызығушылық танытады»

Экологиялық волонтерлік – қоғамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бағыттардың бірі. Бұл салада адамдар табиғатты қорғау акцияларына қатысып қана қоймай, қалдықтарды азайту, қайта өңдеу және экологиялық сауаттылықты арттыруға да атсалысады.

ECO Network өкілі Гакку Бейсенбаеваның айтуынша, соңғы уақытта экологиялық бастамаларға қызығушылық танытатын азаматтар қатары артып келеді. Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар, балалы отбасылар мен аға буын өкілдері бар.

Біздің байқауымызша, экологиялық волонтерлікке қызығушылық біртіндеп артып келеді. Қоғамдық экологиялық бастамаларға уақытын бөлуге, іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесуге, екінші реттік шикізатты жинау мен сұрыптау акцияларына және экологиялық ағарту жұмыстарына қатысуға дайын адамдар көбейіп жатыр. ECO Network бастамаларына әртүрлі жастағы волонтерлер қосылады. Әсіресе адамдардың бір реттік шараларға ғана қатыспай, қайта оралып, команданың бір бөлігіне айналып, жобаларға тұрақты түрде араласуы маңызды, – дейді ол.

Спикердің сөзінше, экологиялық бастамаларға жастар белсенді қатысқанымен, бұл бағытқа ересек буын өкілдері де қызығушылық танытады. Бірі жекелеген акцияларға қосылса, енді бірі іс-шараларды ұйымдастыруға, ағартушылық жұмыстар жүргізуге және экологиялық жобаларды тұрақты қолдауға атсалысады.

Біздің міндетіміз – бір реттік қатысуды біртіндеп тұрақты түрде көмектесу дағдысына айналдыру. Қазақстанда экологиялық волонтерліктің әлеуеті әлі де жоғары. Сондықтан жаңа қатысушыларды тартып, олардың бастамаларға араласуына көбірек мүмкіндік жасау маңызды, – дейді Гакку Бейсенбаева.

Оның айтуынша, экологиялық мәдениет тек сенбілікке шығу немесе ағаш отырғызумен шектелмеуі керек. Ол адамның күнделікті әдетінен көрініс табуы қажет. Мысалы, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеуге жарамды заттарды тапсыру, бұйымдарды қайта пайдалану және тұтынуды азайту да қоршаған ортаны қорғауға қосылған үлес.

Осы бағытта Эко-Хаб алаңдары тұрғындарға екінші реттік шикізатты тапсырумен қатар, экологиялық білім алуға, шеберлік сабақтары мен экскурсияларға қатысуға мүмкіндік береді.

Экология міндет немесе бір реттік акция ретінде қабылданбауы керек. Ол күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғаны маңызды. Әр адам бұл өзгерісті өзінен бастай алады, – дейді ECO Network өкілі.

Волонтерлік – тек акцияға қатысу емес

Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың дамуын ұзақ жылдан бері бақылап келе жатқан сарапшылар оның басты құндылығы адамның өз еркімен қоғамға пайда әкелуге ұмтылуында екенін айтады.

Ұлттық волонтерлік желі өкілдерінің түсіндіруінше, Қазақстандағы еріктілік қозғалысының тарихи негізі халықтың өзара көмек көрсету дәстүрімен байланысты. Соның бірі – асар. Қазақ қоғамында адамдар апатқа ұшыраған немесе тұрмысы қиындаған отбасыларға, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығы жұмыстарына ақысыз көмектесу үшін өз еркімен бірігетін болған. Кеңес кезеңінде бұл дәстүрдің кейбір көріністері оқушылардың «Тимуровшылар қозғалысы», студенттердің құрылыс пен егістік жұмыстарына қатысуы арқылы жалғасты.

Тәуелсіздік алғаннан кейін азаматтар қоғамдағы бірқатар мәселені өз бастамасымен шешуге кірісті. Ал 2000 жылдардан бастап волонтерлік қызмет біртіндеп ұйымдасқан сипат ала бастады.

2000-2010 жылдары коммерциялық емес ұйымдар туралы заң қабылданып, волонтерлік топтар мен ұйымдар қалыптаса бастады. 2009 жылы «волонтер» ұғымы алғаш рет «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда бекітілді.

2024-2026 жылдары Қазақстандағы волонтерлік қозғалыс халықаралық деңгейде де таныла түсті. 2024 жыл ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы болып жарияланса, 2026 жыл Қазақстан Президентінің бастамасымен БҰҰ аясында Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы ретінде белгіленді.

ҰВЖ-ның сарапшы-талдаушысы Татьяна-Тинкай Корешкованың пікірінше, Қазақстанда волонтерлік мәдениет соңғы жылдары ғана пайда болған жоқ. Қоғамға ақысыз көмек көрсету дәстүрі бұрыннан бар. Ал соңғы жылдары бұл қызметтің кеңінен танымал болуы жаңа қатысушылардың келуіне ықпал етті.

Қазақстандағы волонтерлік бір реттік бастамадан немесе уақытша трендтен тұрақты қоғамдық мәдениетке айналды деп айту дұрыс емес. Себебі волонтерлік елімізде 2000 жылдардан бері қалыптасқан тұрақты қоғамдық мәдениет. Соңғы жылдары уақытша трендке айналғаны – оның кеңінен танымал болуы. Ал қоғам игілігі үшін ондаған жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан адамдар үшін бұл ешқашан уақытша құбылыс болған емес, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, соңғы жылдары волонтерлікке мемлекеттік қолдау, гранттық қаржыландыру мен ақпараттық насихаттың артуы тұрақты бастамалардың дамуына мүмкіндік берген. Бұрын түрлі кедергілерге байланысты жұмысын кеңейте алмаған ұйымдар мен еріктілер жаңа ресурстарға қол жеткізген.

Дегенмен сарапшы қозғалыстың танымал болуымен бірге бір реттік акцияларға немесе марапат алуға ғана бағытталған бастамалар да көбейгенін айтады. Оның пікірінше, волонтерліктің негізгі мәні – сертификат пен марапат алу емес, қоғамға ұзақ мерзімді пайда әкелу.

Сондықтан волонтерлердің еңбегін тек олардың саны немесе қатысқан іс-шаралары арқылы бағалау жеткіліксіз. Сарапшының пайымдауынша, бастамалардың нақты нәтижесіне, қоғамдағы өзгерістерге және еріктілердің тұрақты жұмысына көбірек назар аудару қажет.

2026 жыл волонтерлікке қандай мүмкіндік берді?

Биылғы Халықаралық волонтерлер жылы еріктілер қозғалысын халықаралық деңгейде танытуға және оның тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған. БҰҰ Волонтерлер бағдарламасының Халықаралық волонтерлер жылына жауапты команда жетекшісі Сандра Кохтың айтуынша, бұл бастаманың мақсаты тек волонтерлердің еңбегін насихаттау емес. Сонымен қатар еріктілер қызметін қолдайтын институционалдық тетіктерді қалыптастыру, салаға инвестиция тарту және мемлекет, азаматтық қоғам мен бизнес арасындағы әріптестікті нығайту көзделген.

Сандра Кох  Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың соңғы жылдары жүйелі сипат алғанын атап өтеді. Оның айтуынша, еріктілер төтенше жағдайларға ден қою, қоршаған ортаны қорғау, білім беру және іздестіру-құтқару жұмыстары сияқты түрлі бағытқа тартылып жүр. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер, азаматтық қоғам ұйымдары мен волонтерлік желілер арасындағы ынтымақтастық та нығайған.

Халықаралық сарапшы Қазақстандағы асар дәстүрін де волонтерліктің маңызды үлгісі ретінде бағалайды. Оның пікірінше, адамдардың мұқтаж жанға қолдау көрсету үшін бірігуі – Орталық Азияға ортақ құндылық. Уақыт өте келе мұндай дәстүрлер қазіргі волонтерлік қызметтің ұйымдасқан түрлерімен ұштасып келеді.

Қазақстанда да волонтерлік бастамаларды қолдау шаралары жалғасып жатыр. 2025-2026 жылдары еріктілер жобаларына 120 шағын грант бөлінген. Алдағы уақытта 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және еріктілердің тәжірибесі мен дағдыларын есепке алуға мүмкіндік беретін цифрлық паспорт енгізу жоспарланып отыр.

Татьяна-Тинкай Корешкованың пікірінше, Халықаралық волонтерлер жылы – қозғалыстың маңызын тағы бір мәрте мойындаудың мүмкіндігі. Алайда оның дамуы арнайы жылмен шектелмеуі керек. Ол үшін ең алдымен еріктілерді жаппай акцияларға мәжбүрлеп тартудан және тек есеп үшін ұйымдастырылатын шаралардан бас тарту маңызды.

Волонтерлік – адамның саналы түрде қабылдаған жеке бастамасы. Оны мектеп немесе жоғары оқу орны бойынша жаппай ұйымдастырып, мекемелер арасында қатысушылар санымен жарыстыруға болмайды. Волонтерлікті насихаттау және адамдарға оған қалай қосылуға болатынын түсіндіру маңызды. Бірақ әрбір игі әрекетті шамадан тыс ынталандыру қоғамға ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жүрген адамдардың еңбегін құнсыздандыруы мүмкін, – дейді сарапшы.

Осылайша, Қазақстанда волонтерлік қозғалыс жаңа бағыттармен толығып, қатысушылар қатары да артып келеді. Бірі экологиялық бастамаларға үлес қосса, енді бірі әлеуметтік мәселелерді шешуге, балалар мен жастарға қолдау көрсетуге атсалысады. Ең маңыздысы – бір реттік акцияға қатысудан тұрақты қоғамдық белсенділікке көшу. Өйткені волонтерліктің шынайы құндылығы оның ауқымында ғана емес, қоғамға тигізген нақты пайдасында.