Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот отырысында “Asar-Ume” қайырымдылық қорының басшысы куәлік етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс барысында “Asar-Ume” қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қоғамдық бірлестігі арасындағы қаржылық операциялар мен ынтымақтастық жайлы жауап алынып жатыр.
“Asar-Ume” қандай қор?
Сот отырысына куәгер ретінде шақырылған “Asar-Ume” қорының президенті ұйымның қызметі туралы жан-жақты мәлімет берді. Оның айтуынша, қор көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға қолдау көрсету бағытында жұмыс істейді. Атап айтқанда, баспана беру, балаларды оқыту мен дамыту, еңбекпен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамтуға көмектесу.
Куәгер Асхат Нұрмашев Перизат Қайратпен 2021 жылдан бері таныс екенін айтты. Екеуі әртүрлі қайырымдылық кештерінде, волонтерлік акцияларда бірнеше рет кездесу арқылы ынтымақтастық орнатқан.
“Asar-Ume” “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қорына не себепті 200 млн теңге аударған?
Прокурор Арман Кезекен атап өткендей, “Asar-Ume” қорының “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қорына 200 миллион теңге аударғаны болды.
Куәгердің айтуынша, бұл қаражат 2023 жылдың қараша айында Израиль мен Газа секторындағы әскери қақтығыстар кезінде гуманитарлық көмек ретінде жиналған. Сол кезде Перизат Қайрат пен Палестина елшілігі қақтығыстан зардап шеккен халыққа қайырымдылық көмегін ұйымдастыра бастаған.
Куәгердің сөзінше, “Asar-Ume” қоры осы мақсатқа жомарт, мейірімді қазақстандықтардан 293 млн теңге жинаған.
Асхат Нұрмашев “Asar-Ume” қорының өкілдері гуманитарлық көмектің нақты жүзеге асырылуына көз жеткізу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласындағы халықаралық гуманитарлық хабқа барғандарын айтты. Ол жерде олар қоймада дайындалып жатқан жүктерді өз көздерімен көрген, Перизат Қайраттың бұл хабқа аккредитациясы мен кіруге құқығы бар екенін растаған, Қазақстаннан жиналған көмектің халықаралық арналармен жөнелтіліп жатқанын бақылаған.
Алайда сот барысында осы жүк жөнелтудің ресми құжаттары көрсетілмегені де анықталды.
Оған қоса Нұрмашев “BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қорының бірде-бір қызметкерін немесе логотипі бар жүкті көрмегенін атап өтті. Перизат Қайрат қоймада өзі жинаған қаражатқа сатып алынған жүктің бар екенін айтқан.
“Asar-Ume” өкілдері Абу-Дабиге Перизат Қайраттың қаражаты есебінен барған.
Куәгердің сөзіне қарағанда, екі қор арасында арнайы келісімшарт жасалып, онда аударымның шарттары нақты көрсетілген. Алғашқы транш ретінде 200 млн теңге аударылған, ал қалған 93 миллион теңге қаржы есеп берілген соң жіберіледі деп келісілген.
Қаражаттың қайда жұмсалатыны жөнінде Перизат Қайрат есеп беремін деп уәде етті. Біз сол шартпен аударым жасадық. Бірақ соңғы сома сол есеп ұсынылған жағдайда ғана жіберілуі тиіс болды, – деді куәгер Асхат Нұрмашев сотта.
“Asar-Ume” қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев куәгер ретінде жауап беруін жалғасып жатыр.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.