«Asar joly» Қостанайда

Шілде айында елордадан басталған «Asar ume» қоғамдық қорының «Asar joly» қайырымдылыққа бағытталған бастамасы Қостанай жерінде жалғасын тапты, деп хабарлады Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі.

Тың бастаманы жүзеге асыруды қолға алған Асхат Нұрмашев бастаған қордың мүшелері екі мың шақырым жерді артқа тастап, Қостанай жерінде төрт күн бойы ірі кәсіп иелері және талай игі істің жүзеге асуына мұрындық болып отырған жергілікті еріктілермен кездесулер өткізді. Осы жүздесулердің соңы облыс орталығындағы «Мирас» мәдениет сарайында қайырымдылық форумымен аяқталды. Осынау ізгілікке толы игі шараның барынша жоғары дәрежеде өтуіне жергілікті әкімдіктердің де көмегі болғанын айта кеткен жөн.

Қостанай жерінде өткен 500 -ге жуық облыс тұрғындарының басын қосқан форуымда «Asar ume» қоғамдық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашевтың айтуынша, осынау игі бастама мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы аясында болып жатқан жаңаша қадамдардың бірі екен.

«Біздің қордың мақсаты - жақсылық жасау. Нақтырақ айтар болсам, жақсылықпен жарысу. Яғни, қазақ халқының көнеден келе жатқан қайырымдылыққа бағытталған «Асар» ұғымын - заман талабына сай жаңаша жандандыру. Қорымыз осы уақытқа дейін 457 көмекке зәру отбасына баспана тарту етті. Оның сыртында түрлі көмектер көрсеттік. Бүгінгі форумда біз қостанайлық екі отбасына қуаныш сыйлайтын боламыз», – дейді «Asar ume» қорының президенті Асхат Нұрмашев.

Расында, бұл қайырымдылық қоры өз жұмысын бастағаннан бергі үш жыл ішінде атқарып жатқан жұмыстарына халық оң бағасын беріп отыр. Осы жылдар аралығында қорға қызмет етіп жүрген жомарт жүректі жастар халықтан түскен әрбір тиынның шашауын шығармай 457 отбасыға қол жетпес арманға айналған жеке баспана сыйлап отыр. Осы отбасылардың барлығын қосқанда 2 мың 611 баланың өз бөлмесі мен сабақ оқитын орнына, жылы үй болғанын еске түсірсең, еріксіз таңдай қағасың. Қордың жұмысына риза боласың. 

«Asar ume» қорының Қостанайдағы қайырымдылық форумы екі отбасын қуанышқа бөледі. Атап айтар болсақ, Арқалық қаласында күнделікті тапқан адал еңбегімен алты баласын  асырап отырған жалғыз басты ана Айжан Сәрсенбаеваның көп жылдан бергі арманын орындады. Айжанға 6 баласымен алаңсыз тұратын 4 бөлмелі пәтер сыйлады. 

Осындай шарапатқа бөленген тағы бір ана Ләззат Хасенова. Ол да  жеті баласын жалғыз өзі бағып жүр. Енді «Asar ume» қоры Ләззатқа үйінің ауласынан мал мен құсқа арналған қора салып беретін болды. 

Осы тұста айта кетер бір жайт, «Asar ume» қорының шарапатына көп балалы Хасеновтер отбасы былтыр бөленген болатын. Нақтырақ айтсақ, қор оларға үй алып берген еді. Енді жалғызбасты ананың көптен бері көкейінде жүрген арманы құс асырап, мал өсіру екенін білген асарлықтар оны аяқсыз қалдырған жоқ. 

«Менің сол кездегі жағдайымды ешкімнің басына бермесін. Мен Арқалық қаласындағы такси қызметінде диспетчер болып жұмысқа кеттім. Жұмыста болған күні түн ортасында жалдап тұрып жатқан пәтерімізден өрт шығып, жанып кетті. Көршілерім шырт ұйқыда жатқан төрт баламды құтқарып қалыпты. Соған тәуба дедім. Бірақ, үйден шыққан өрттің салдары астыңғы қабаттағы дүкенге де зақым келтірді. Енді келтірілген шығынды мен өтеп беруім керек болды. Осылай шақшадай басым шарадай болып жүргенде қайырымды жандар табылып, солардың себепкер болуымен жаңа баспана алып жатырмын. Бәріңізге мың рақмет», - деп көзіне еріксіз жас алды Айжан Сәрсенбаева.

Осылайша Қостанайдағы жұмыстарын ауқымды форуммен аяқтаған «Asar joly» қайырлымдық керуені Ақтөбеге жол тартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы