Асанов: Өзбекстанда өткен сайлау – демократия институттарын дамытудағы кезекті қадам
Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов Өзбекстанға сапары аясында Олий Мәжілісіне парламенттік сайлауды байқауға бірнеше күн қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл сапар сайлауға халықаралық мониторинг жүргізудің маңыздылығын көрсетеді және өңірдегі демократиялық реформаларға ашықтық пен сенімділікті арттыруды көздейді.
Жақып Асанов Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясының дайындығын жоғары бағалады және ашық әрі рәсімі реттелген сайлау өткізуге елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, сайлауды ұйымдастыру мен техникалық қолдау деңгейінің жоғары болуы сайлау заңнамасы және сайлау өткізу стандарттарын сақтауға ерекше мән берілгенін көрсетеді.
Қазақстандық депутат дауыс беру және дауысты санау рәсімдерінің ашықтығымен қоса сайлау үдерісі кезеңдерінде барлық заңнама ережесін ұстануға ерекше назар аударды. Өзбекстандағы демократия мен саяси тұрақтылықты нығайтудағы маңызды қадам болғаны және екіжақты қатынастардың дамуы мен бауырлас елдер арасындағы жалпы сенім ахуалына оң әсері атап өтілді.
Жақып Асанов байқау қорытындысы бойынша Өзбекстандағы сайлау институттарының одан әрі дамуына сенім білдіріп, демократия үдерістерін нығайту елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне берік негіз болатынын атап өтті. Осындай байқау миссиялары Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік институттары арасындағы әріптестік қатынастарды тереңдетуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.