Асанов: Бала тәрбиесі туралы небір кітап оқып алып, баламды тұлға етем деген қате
Ата-ана балаға қанша жақын болса, баланың сабаққа, өмірге деген құлшынысы да өте жоғары болады. Бұны «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушысы Нұркен Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қай заманда болса да әрбір ата-ана баласының өмірден өз орнын тауып, адам болғанын қалайды. Әр ата-ана ұл-қызы кіммен араласады, не істеп жүр, не нәрсеге қызығады, ортасы, дос-жараны қандай екенін білгісі келеді. Өзім де қызымның мектептегі өмірін жақын таныған соң біраз жайтты түсініп, біраз жайттың куәгері болдым. Сондағы түйген ойым, ата-ана балаға қанша жақын болса, баланың сабаққа, өмірге деген құлшынысы да өте жоғары болады екен, -деді Нұркен Асанов.
Оның айтуынша, бабамыз балаңды тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды, алдымен өзіңді тәрбиеле деп бекер айтпаған.
Себебі адам идеал емес, әр адамның өзіндік кем-кетігі болады. Екіншіден, қазіргі қоғамда тек өз балаңды ғана тәрбиелеу жеткіліксіз. Сенің балаң қоғамның бір мүшесі. Мәселен, сыныпта 30 бала, мектепте 300 бала болса, олардың тәлім-тәрбиесі сіздің балаңызға әсер етпей қоймайды. Бала тәрбиесі туралы көп кітап оқып, небір әдіс-тәсілдерді меңгеріп, сол арқылы баламды тұлға етіп тәрбиелеймін деу қате пікір. Ең алдымен үйден, ауладан, мектептен бастап балаға жайлы орта қалыптастырған дұрыс. Саналы ата-ана бала тәрбиесіне қатысты қандай құнды нәрсе білсе, соны өзгелермен бөліседі, - деді «Сенімен болашақ» РҚБ негізін қалаушысы Нұркен Асанов.
Еске сала кетейік, бүгін елордада «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясы өтті. Шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің барлық облыстарынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, өз ойларын ортаға салды.