Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады
Белгілі жазушы Дулат Исабеков пен аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанның халық жазушысы Дулат Исабеков соғыстан кейінгі ұрпақ ретінде көрген қиындықтары мен қан майданға аттанған әкесі туралы естелігін бөлісті.
Біз соғыс көрген жоқпыз. Біздің бала кезімізде аталарымыз бен көкелеріміз майданда көрген неше түрлі қиындықтарын айтып, әңгімелерін «Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой» деп аяқтаушы еді. Мен туған 1942 жылы соғыс қайнап жатқан болатын. Әкем 1943 жылы майданға аттанды. Оны алдын ала дайындады ма, дайындамады ма, қайдам, бірден қан майданға салып жіберді. Ол ең сұрапыл соғыс жүрген Сталинградты қорғауға аттанған. 2 ақпан күні әкем қаза тапты, ал 3 ақпан күні Сталинград жаудан азат етілді. Тағы бір күн аман тұрғанда, әкем тірі қалар ма еді деп ойлаймын. Әкем соғысқа кетіп бара жатып кішкентайым кисінші деп, тоқтаған станциядан түйенің жүнінен тоқылған бауы бар телпек беріп жіберіпті. Жанында бір жапырақ хаты бар. Сол телпек мен 1 сыныпқа барғанға дейін үйде сақтаулы тұрды. Кейін көшіп-қонып жүріп бәрі жоғалды. Менде әкемнен қалғаны – Мамаев қорғанынан алынған бір уыс топырақ қана, - деп еске алады Исабеков.
Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан батырларының ерлігіне тоқталды.
Отанды қорғау, елді сүю – әр азаматтың міндеті. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан батырларының ерлігі ерекше. Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтардың ерлігі өмір бойы тарихта қалады. Біз олармен мақтанамыз. Ерліктің әр түрі бар. Адам өз саласында алға шығып, үлкен дәрежеге жетіп жатса, бұл да ерлік. Елді, жерді, тілді қорғау – әрбіріміздің парызымыз, - деді Асанәлі Әшімов.