11 Қараша 2026, 10:33 Фото: Конституциялық сот

Асан Ескендіров Жоғарғы Соттың судьясы болып сайланды

Құрылтай Асан Ескендіровті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы лауазымына сайлады. Тиісті қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабына сәйкес қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай отырысында Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Мемлекет басшысының Асан Ескендіровті Жоғарғы Сот судьясы қызметіне сайлау туралы ұсынысын таныстырды.

Дмитрий Малаховтың айтуынша, Асан Ескендіровтің сот жүйесінде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар. Ол еңбек жолын аудандық соттың судьясы қызметінен бастаған. Кейін Ақмола және Павлодар облыстарының ауданаралық экономикалық соттарын басқарған.

Сондай-ақ ол облыстық соттың судьясы болып жұмыс істеп, Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына жетекшілік еткен.

2016-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарған. Бұдан бөлек, Конституциялық сот құрылғаннан кейін төрт жылға жуық уақыт осы органның судьясы болған.

Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы оның судьялар қауымдастығында беделге ие екенін атап өтіп, депутаттарды Мемлекет басшысының ұсынысын қолдауға шақырды.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Құрылтай Асан Қайроллаұлы Ескендіровті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы лауазымына сайлау туралы қаулы қабылдады.