Аса қауіпті 12 ауруға қарсы профилактикалық шаралар күшейтілді
Павлодар облысында үй жануарларынан адамға жұғатын ауруларды алдын алу шараларына 2,8 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Аймақта профилактикалық шаралар аса қауіпті 12 ауруға қарсы жүргізіледі. Олардың қатарындағы құтырма және Сібір жарасы дерттеріне баса назар аударылады. Себебі, бұл аурулар адам өліміне әкелуі мүмкін.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтің айтуынша, профилактикалық шаралар көктем және күз айларында қолға алынады.
Алғаш рет үй құстарына Нюкасл ауруына қарсы екпе салынды. Қауіпті дерт 19-шы ғасырда Англияда тіркелген. Биыл облыста вирустың жұқтыру деректері тіркелген жоқ. Алайда, еліміздің Оңтүстік өңірлеріндегі құс фабрикаларында анықталған. Сондықтан, салалық министрлік тарапынан облысқа вакцина бөлі шешімі қабылданды. Вакцина құс фабиркаларына үйлестіріледі, - дейді Асылтас Тілеубаев.
Айта кетейік, Баянауыл ауданы Күркелі ауылдық округіндегі Шалқар көлінің маңында құстардың жаппай қырылуы тіркелді. Мамандар патологиялық материал алып, зерттеу жүргізді. Себебі, Нюкасл және құс тұмауының талауы бойынша күдік туды.
Қанаттылардың инфекциялық аурулардан қырылғаны расталмады. Ауылдық округ Қарағанды облысы және Баянауыл ауданының шекарасында орналасқан. Бұл жерде егін алқаптарын пестицид, гербицидтермен өңдеу шаралары жүргізіледі. Біз қаздар мен үйректер осы химикаттардан уланды деген тұжырымдамаға тоталдық, - дейді мал дәрігерлері.
Аймақта төрт мыңнан астам ірі қара малдан бруцеллез ауруына қан сынамасы алынды. Диагностикалық зерттеулер нәтижесінде 1800 баста қауіпті инфекция анықталды. Ауру мал санитарлық союға жіберіледі.