31 Шілде 2026, 04:28 Фото: depositphotos.com

Аса ірі көлемдегі мефедрон: Жетісуда есірткі қылмысының жолы кесілді

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында полицейлер заңсыз айналымға жіберілмек болған ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні тәркіледі.

Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстық әрекеттің жолы кесілді.

Тергеу барысында синтетикалық есірткіні заңсыз сақтап, өткізді деген күдікпен 41 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Жеке тінту және санкцияланған тергеу әрекеттері кезінде психотроптық зат – мефедрон салынған бірнеше орама тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген мефедронның жалпы салмағы 270 грамнан асып, аса ірі мөлшерге жатады.

Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында қауіпті есірткі партиясының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Осылайша өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтап, тыйым салынған заттың жеткізілу және өткізілу арналарына қатысты жедел-тергеу шараларын жалғастыруда.

Жетісу облысы Полиция департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымы қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретінін еске салып, мұндай қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.