Аса ауыр қылмыстарға қатысты барынша қатаң жазалар қолданылады – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың отырысында айтты.

Бүгін біз аса маңызды құжатты қабылдадық. Бұл - құқықтық, гуманистік және саяси бағыттағы барлық талап ескерілген жан-жақты пысықталған шешім. Елбасы 2003 жылы құқықтық жүйеміз үшін тарихи шешім қабылдап, жазаның бұл түріне мораторий жариялағаны белгілі. Содан бері елімізде бірде-бір өлім жазасы тіркелген жоқ, - деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының шешімімен өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық міндеттемеге қосылғанын айтты.

Аса ауыр жазадан бас тарту - құқықтық қоғам, гуманистік принциптерге негізделген мемлекет құру жолындағы маңызды қадам. Осы шешімді қабылдау арқылы Қазақстан адам және оның өмірі ең басты құндылық екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Әрине, бұл қылмысқа қарсы саясаттағы жеңілдік және жұмсақтық дегенді білдірмейді. Аса ауыр қылмыстарға қатысты барынша қатаң жазалар қолданылады. Бұл мәселе үнемі депутаттардың бақылауында болады, - деп атап өтті ол Сенат отырысында.

Еске сала кетейік, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы