Асқар Шәкіров Мысыр елшісін қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Манал әл-Сайед Яхья әл-Шиннауимен кездесті.
Тараптар екіжақты қатынастардың жағдайы мен келешегін, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен МАР парламенттеріндегі екіжақты ынтымақтастық топтары аясындағы парламенттік байланыстарды талқылады.
А.Шәкіров Мысыр елі Африка құрылығы мен Таяу Шығыс аймағындағы және жалпы араб әлеміндегі Қазақстанның сенімді әрі сындарлы әріптесі екенін атап өтті. Осы тұрғыда қазақстандық халықаралық бастамаларға, атап айтқанда, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қолдау көрсетіп келе жатқаны туралы да айтылды. Сонымен қатар, екі елдің халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ және ИЫҰ аясындағы өзара іс-қимылының маңызы аталып өтілді.
Елші аль-Шиннауи екі елдің мемлекет басшылары қалыптастырған жоғары деңгейдегі екіжақты ынтымақтастықты түрлі салада қарқынды дамыту қажеттігін атап өтті. Мысыр елшісі жаһандық деңгейдегі дінаралық диалог ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ілгерілетуге одан әрі қолдау білдіретінін нақтылады.
Кездесуге қатысушылар туристік индустрияны дамытуға және Мысыр астанасын көшіру жоспарына орай тәжірибе алмасу тұрғысында ортақ пікірге келді.
Жүздесушілер екі ел арасындағы саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға қолдау білдірді.