Асқар Мамин ресми сапармен Тәжікстан мен Қырғызстанға барады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 11-12 шілдеде Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин ресми сапармен Тәжікстан Республикасына (Душанбе қ.) және Қырғыз Республикасына (Бішкек қ.) барады. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Душанбеде Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің және Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзоданың басшылығымен шағын және кеңейтілген құрамдардағы үкіметтік келіссөздер өтеді. Тараптар сауда-экономикалық және транзиттік-көлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту, өнеркәсіптік кооперациядағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылайды.
Бішкекте Қазақстан-Қырғыз Үкіматаралық кеңесінің VIII отырысы өтеді. Күн тәртібінде сауда, инвестициялар, өнеркәсіп, көлік, мұнайгаз саласы, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, туризм, білім беру, денсаулық сақтау, су-энергетика саласы, кедендік және шекаралық өзара әрекеттестік салаларындағы ағымдағы және перспективалы ынтымақтастықтың 18 мәселесі қаралады.
Ресми сапарлар аясында бірқатар құжатқа қол қою көзделген.