Арзу Велиев: Ұлтына қарамастан әр қазақстандық дәстүр мен мәдениетті құрметтеуі тиіс

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 1 мамыр - Қазақстан халықтар бірлігі күні. Мерекеге орай, Қарағанды қаласының Полиция басқармасы Октябрь ПБ жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисі Арзу Велиевпен сұқбаттастық.

-        Арзу Солтанұлы, сұқбатымызды бастамас бұрын өзіңіз жайлы әңгімелеп өтсеңіз. Балалық шағыңыз қайда өтті? Қазақ тілін қайдан үйрендіңіз?

-        Мен 1979 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Ұлтым -әзірбайжан. Әкем Солтан шахтада жұмыс істеді, шешем Садагат үй шаруасымен айналысты. Сол кездегі барлық балалар сияқты мен де көпұлтты ортада өстім. Менің қазақ, орыс, неміс ұлтынан шыққан достарым жетерлік. Алайда олардың көпшілігі Германияға, Ресей Федерациясына кетті. Бірақ біз байланысымызды үзбедік. Олар Қазақстанды және осында өткен балалық шақтарын үнемі сағынышпен еске алып отырады.

Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап маған қазақ тілі мен мәдениетін игеру еш қиындық туғызған жоқ. Әкем әрқашан қай елде тұрсақ, сол халықтың тілін білуіміз керек екенін әрдайым айтып отырды. Сол себепті мен қазақ тілінен алған бес деген бағаны көрсеткенде, әкем қуанышын жасырмайтын.

-        Жалпы қазақи ортада туып өскен екенсіз. Өз ана тіліңіз әзірбайжан тілін де жақсы меңгергенсіз бе? Отбасында қай тілде сөйлесесіздер? Екі тілдің арасында ұқсастық бар ма?

-        Жоғарыда айтқанымдай, менің ана тілім – әзірбайжан тілі. Менің ана тілім мен мәдениетім қазақтың дәстүрлеріне өте ұқсас, себебі біз түркі тілдес халықтармыз. Екі елдің тілінде көп сөз өте ұқсас, алайда сөздердің аяқталуында айырмашылықтар бар. Мысалы, маған қазір қырғыз, татар немесе өзбек тілдерін түсіну қиын емес. Дағыстандағы кумык тілі, Молдавиядағы гагауз тілі де әзірбайжан тіліне өте ұқсас. Ділі тұрғысынан қазақтар мен әзербайжандықтар өте ұқсас, қонақжайлығы да, бала жандылығы да, қиын сәтте көмекке келулері де. Үйде біз әзірбайжан тілінде сөйлестік. Әке-шешем маған халқымыздың тілі мен мәдениетін сіңіруге, үйретуге тырысты. Менің балалық шағымда кеңес республикалары арасында ешқандай шекара болған жоқ. Сондықтан біз отбасымызбен Әзірбайжанның Ағдам ауданындағы әкелік рулық ауылға демалысқа жиі баратынбыз. Бұл да ана тілін, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді үйренуге септігін тигізді.

-        Арзу Солтанұлы, қызметіңізге тоқталып өтсеңіз. Қазақ тілін жетік меңгерудің жұмыс барысында тигізер пайдасы өте зор екенін білеміз, қазақ тілінде іс қағаздар жүргізе аласыз ба?

-        2000 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірдім. Кейін мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына қызметке тұрдым. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы полиция басқармасының Октябрь полиция бөлімінде аға криминалист лауазымында жұмыс істеймін. Арнайы атағым - полиция подполковнигі. Полицияда қазақ тілін білу күнделікті міндеттерді шешу кезінде көмегін тигізеді. Бізде жұмыста өте тату ұжым бар, егер қандай да бір сұрақтар туындаса, әріптестер маған әрдайым көмектеседі.

-        Қазақ елінде өзге ұлт өкілдері қаншалықты тату деп ойлайсыз, өз салт-дәстүрлеріңізді дамытуға, ұстануға қандай жағдай жасалған?

-        Қазақстан 130 ұлттан астам адамдарға туған үй болып отыр. Сондықтан, барлық қазақстандық этникалық шығуларына қарамастан біздің қазақ тілімізді оқып-үйренуі, бізді жылы қабылдаған халықтың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеуі тиіс. Мен үшін Қазақстан халқының Ассамблеясы – бұл үлкен де, ұйымшыл отбасы. Біздің қаламызда ұлттық-мәдени орталық бар. «Намус» Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі 2001 жылдың 6 тамызында тіркелген.

«Намус» бірлестік атауын аударғанда «намыс» мағынасын білдіреді. Орталықта мемлекеттік және әзірбайжан тілін оқытатын сынып ұйымдастырылған. Тілдерді үйренуге деген қызығушылық ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді дамытуға дәнекер болатыны сөзсіз. Орталықтың қоғамдық өміріне жастар да белсенді атсалысып келеді. Кез келген іс-шарада олар қазақ, әзірбайжан, орыс тілдерін жақсы меңгергендерін байқатып жүр. «Намус» этномәдени бірлестігі ҚР Тәуелсіздік күні, Қазақстан халықтары тілі күні және басқа да мерекелерде ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар мен фестивальдердің белсенді қатысушысы.

-        Арзу Солтанұлы, қазақ халқының бірлігі күніне орай айтар тілегіңіз...

-        Біз бейбіт елде өмір сүреміз. Біз бірге – күшпіз! Адамдардың этникалық шығулары әр түрлі бола берсін, алайда олардың ортақ идеясы бар – ол үлкен, жайлы, ортақ үй тұрғызу, ол жағдайда оларға ешқандай қиындықтар кедергі емес. Еліміздің барша тұрғындарын Қазақстан халқының достығы және бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаларыңызға, әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!

-        Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!


 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы