Қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында банктік емес ұйымдардың қызметі реттеледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жобасына қатысты пікір білдірді.

«Теңгерімді фискалдық саясат шеңберінде жұмыс кірістердің өсуін ынталандыруға және салық салу базасын кеңейтуді ынталандыруға бағытталады. Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады. Үкімет пен Ұлттық банктің тиімді ақша-кредит саясаты және инфляция деңгейін бақылау бойынша бірлескен шаралары экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тарифтік саясатты жетілдіру және тұтыну тауарларын өндіруге бағытталған шараларды әзірлеу жоспарлануда», - деді Дәленов.

Министр валюта нарығының теңгерімділігі бойынша Ұлттық банктің шараларына қосымша ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті айырбастау жөніндегі бюджеттік операциялардың іс-қимылдарын үйлестіру қамтамасыз етілетінін айтты.

«Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша инвестициялық ахуалдың тартымдылығы және қаржыландырудың қолжетімділігі бойынша жұмыс жалғасатын болады. Сондай-ақ, борыштық капитал құнының индикаторларын қалыптастыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын ірілендіру көзделеді. Экономиканы дамытуды қаржылай қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бағыты шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артатын болады», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, бұл ең тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Бұл кредит берушілердің борышты реттеу жөніндегі құқықтарын іске асыруда кедергілерді жояды. Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту шеңберінде қолма-қол ақша айналымын қысқарту бойынша қаржылық және қаржылық емес ынталандыру әзірленеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында кредит беретін банктік емес ұйымдардың қызметін реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады», - деген ол аталған келісімді іске асыру экономикалық өсуге қол жеткізуге және инфляцияны ұстап тұруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ақмарал Шағатай

Фото: Бауыржан Жуасбай

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы