Бүгiн 2026, 20:54
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Арзан үй алып беремін деп 30 миллион теңге жинаған қостанайлық әйел жауапқа тартылды
Ірі көлемде алаяқтық жасаған әйелге сот үкімі шығарылды.
Қостанай қаласының сотында ірі мөлшерде, бірнеше рет алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін жымқырды деген айып тағылған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Белгілі болғандай, 2022 жылғы сәуір мен 2024 жылғы қыркүйек аралығында сотталушы Қостанай қаласының тұрғындарына жылжымайтын мүлікті төмендетілген бағамен сатып алуға жәрдемдесемін деген желеумен делдалдық қызмет көрсетуді ұсынып, өзінің қылмыстық әрекеттерін азаматтық-құқықтық қатынастар ретінде жасырып, бірнеше алаяқтық әрекет жасаған.
Нәтижесінде 8 жәбірленушіге жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, кінәсін толық мойындауын және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуын жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Сот сотталушының бұрын сотталмағанын, құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, жәбірленушілерге келтірілген залалдың өтелмегенін және іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, Ә.-ге 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес негізгі жаза мерзімі үштен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны өтеу ҚК-нің 74-бабы негізінде 5 жылға кейінге қалдырылды. Келтірілген залалды өндіру туралы азаматтық талап-арыздар толық көлемде қанағаттандырылды, - деп хабарлады Қостанай сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.