Бүгiн 2026, 11:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

"Арзан бағаға алданғандар": Астанада пәтерлер екі реттен сатылған

Елорда прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешенінде екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті тұлғалар құрылыс компаниясының қызметкерлері бола отырып, «Qyran» тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сату арқылы адал азаматтарды алдағаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қызметкерлер «International Invest Company IIC» ЖШС-нің атынан азаматтарға жылжымайтын мүлікті сату сылтауымен жылжымайтын мүлікті сату құқығын растайтын макеттер, техникалық паспорттар мен құжаттарды көрсеткен.

Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрақ орындарын нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынылған.

Сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімдерді, алдын ала шарттарды ресімдеген.

Алданған сатып алушылар күдіктілердің жеке шоттарына ақшаны аудару арқылы және қолма-қол ақшамен төлем жасаған.

Компания қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде келтірілген шығынның мөлшері 8 млрд теңгеден асты.

Соттың санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды.

Үш күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы, төртіншісіне «кепіл» қолданылды.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.