Арыстанның күшігімен түскен суретін жариялаған азамат жазалануы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева арыстанның күшігімен түскен суретін жариялаған азаматтың жазалануы мүмкін екенін айтты.

Достар, әлеуметтік желілерде жарияланған арыстанның суреті үшін қамқор азаматтардан жүздеген өтініштер келіп түсті. Осыған байланысты жағдайға түсініктеме бергім келеді. Біріншіден, адамдар арасында жабайы аңды, әсіресе мұндай аң баласын асырау орынсыз деп ойлаймын. Жабайы жануарлар табиғатта тіршілік етуі керек. Сол себепті азаматтардың ашуы мен алаңдауын толығымен қолдаймын. Егер арыстанның күшігі заңсыз жолмен әкелінгені дәлелденсе, заң бұзушылар Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жазаланады, - деді Самал Ибраева.

Ол жабайы жануарлармен байланысты мұндай фактілер соңғы уақытта жиілеп кеткенін атап өтті.

Экзотикалық жануарларды Қазақстанда заңсыз сатуға және ұстауға қарсы қозғалыс ұйымдастыруды ұсынамын. Қараңғы гараждарда, бастырмаларда қаншама жануарлардың азап шегетіні белгісіз. Мен мүдделі органдармен бірге тиісті рейд жүргізуді ұсынамын. Бұл жерде әрқайсымыздың азаматтық позициямыз маңызды. Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге, сондай-ақ тыйым салынған өсімдік немесе жануарлар түрлеріне, олардың бөліктеріне немесе туындыларына заңсыз қатынас жасау) 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі (8,7 миллион теңге немесе 20 мың доллар) айыппұл немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған, - деп жазды министрлік өкілі.

Желіде арыстанның күшігімен түскен суретін жариялаған азамат блогер Айжан Байзақованың ағасы екені белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы