Арыстағы жарылыс: Сот 16 адамға үкім шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент гарнизонының әскери сотында Арыстағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты іске қатысы бар 16 сотталушыға үкім шығарылды.

Бұл туралы Шымкент гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Арыстағы жарылыс ісі бойынша 16 адам сотқа тартылды. Оның 15-і әскерилер, 1-еуі азаматтық тұлға. Оқиға салдарынан 1473 адам зардап шегуші деп танылды. Ал қылмыстық істің өзі 550 томнан құралды.

Сот 2020 жылдың маусымында басталған. 2021 жылдың қаңтарында іс прокуратураға қайтарылып, әлі де тергелетіні хабарланды. Міне, бүгін, 26 шілдеде сот өз үкімін кесті.

12 сотталушы 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, ал төртеуі 4 жылдан жеті жылға дейін шартты түрде сотталды.

Күзет қызметінің техникалық құрал-жабдықтарын монтаждауға бөлінген бюджеттік қаражатты қолды еткені үшін аудандық эксплуатациялық бөлімнің басшылығы және әскери бөлімнің командирі ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға қосымша жаза да қолданылды. Енді аталған тұлғалар мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бақи айырылады.

Сотталушылар мен адвокаттар айыпталушыларды ақтап, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Қызметіне салғырт қарағаны үшін (ҚР ҚК 453-бабы, 2-бөлігі) Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің басқарушы құрамы айыпты деп танылды. Атап айтқанда қызметтік міндеттерді орындау барысында бақылау жұмыстарында шара қолданбау және оқ-дәріні қолдану ережелерін бұзу (ҚР ҚК 462-бабы, 3-бөлігі), - деп хабарлады Шымкент гарнизонының әскери сотының баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 2019 жылдың жазында Арыстағы әскери бөлімде оқ-дәрілер жарыла бастады. Жарылыстар бір тәуліктен астам уақытқа жалғасты. Қала маңындағы тұрғындар жаппай эвакуацияланды. 

Салдарынан үш адам опат болды. Ол екі әскери қызметкер мен жергілікті тұрғын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы