Еліміздегі барлық қойма тексерілуде – қорғаныс министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыста қабылданып жатқан қазіргі шаралар жайлы айтып берді.

"Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта арсеналдан жарылмаған оқ-дәріні әкету жүргізілуде. Әскери қарауылдар, әскери полиция күштері оқ-дәріні алып жүру процесін күзетуде. Төтенше жағдай салдарын жоюға тартылған Қарулы күштердің барлық бөлімшесі қаланы қалпына келтіру жұмысын жалғастыруда. Оқиғаның себебін анықтау бойынша ішкі қызметтік тексеру жүргізу үшін Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының комиссиясы жұмысқа кірісті. Сонымен қатар, менің тапсырмам бойынша арнайы комиссия құрылды", - деді Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, комиссия құрамына жоғары білікті әскери мамандар, өртке және диверсияға қарсы қауіпсіздік мәселесінде тиісті тәжірибесі бар Қарулы күштердің ардагерлері кірді. 

"Неге десеңіздер, қазіргі таңда Қазақстан аумағында басқа да оқ-дәрілер қоймалары бар. Олардың көлемі Арыстағыдан аз болса да, біздің міндетіміз - осындай жағдайды болдырмау. Сондықтан қазір барлық қоймаларға тексеру, бағалау жұмыстары жүргізілуде. Комиссия Қарулы күштердің оқ-дәрі сақталатын барлық объектісінде оқ-дәріні сақтау жағдайы мен тәртібін, өрт қауіпсіздігі талабының сақталуын тексереді. Министрлік басшылығы, Қарулы күштердің барлық әскери қызметшілері жауапкершілікті толық түсінеді. Оқ-дәрі мен жарылғыш затты сақтау орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдауда" - деді қорғаныс министрі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы